Ақсу қаласында анасын балағаттаған әйелді өлтіріп, денесін өртеген ер адам сотталды
Сотталушы марқұмның киімін шешіп, денесін өртегені анықталды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қылмысқа ішімдік ішіп отырған кезде болған жанжал себеп болған. Сотталушы әйелді ұрып өлтіргеннен кейін қылмыс ізін жасыру үшін оның киімін шешіп, денесін өртеген.
Павлодар облысының Ақсу қаласында әйелді өлтіріп, қылмыс ізін жасыруға тырысқан ер адамға сот үкімі шықты. Тергеу материалдарына сәйкес, жанжал кезінде әйел сотталушының марқұм анасын балағаттаған. Осыдан кейін ер адам оған күш қолданып, соңы адам өлімімен аяқталған. Бұл туралы Павлодар облыстық соттарының ресми Telegram-арнасы жазды.
Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот бұл істі 2026 жылғы 12 қарашада қарады. Сот анықтағандай, оқиға 2026 жылғы 17 сәуірде шамамен сағат 18:00-де болған.
Сол күні ер адам мен әйел Ақсу қаласының шетіндегі жылу желісі құбырлары орналасқан аумаққа барып, алкогольдік ішімдік ішкен. Әңгіме барысында әйел сотталушының қайтыс болған анасын балағаттап, екеуінің арасында сөзге келіспеушілік туындаған.
Жанжал кезінде ер адам әйелдің бетіне жұдырықпен ұрып, оны жерге құлатқан. Артынша денесіне бірнеше рет тепкілеген. Әйел алған жарақаттары салдарынан жедел қан жоғалтып, оқиға орнында көз жұмған.
Сот дерегінше, әйелдің қайтыс болғанына көз жеткізген ер адам үйіне барып, солярка алып келген. Кейін қылмыс ізін жасыру мақсатында марқұмның киімін шешіп, денесін өртеген. Одан соң оқиға орнынан бой тасалаған.
Істегі мән-жайлар сотталушының бастапқы жауаптарымен, куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен және сотта зерттелген өзге де дәлелдермен расталған.
Сот ер адамды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі бойынша, яғни адам өлтіргені үшін кінәлі деп таныды. Оған орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеу шартымен 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Жәбірленуші тараптың азаматтық талабы 5,5 миллион теңгеден астам сомаға қанағаттандырылды.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Материал авторы