«Самұрық-Қазына» Нұрлан Жақыповтың ұсталуына қатысты мәлімдеме жасады
Қор өкілдері тергеу органдарына қажетті ақпарат пен материалдарды ұсынуға дайын екенін мәлімдеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың ұсталуына байланысты түсініктеме берді. Қор өкілдері қазір уәкілетті органдар тергеу амалдарын жүргізіп жатқанын және мекеме құқық қорғау органдарымен толық ынтымақтастық орнатқанын мәлімдеді.
Қордың баспасөз қызметі агенттікке берген жауабында тергеу аясында қажетті ақпарат пен материалдарды ұсынуға дайын екенін жеткізген.
«Қазіргі уақытта уәкілетті органдар тиісті тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр. Қор Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы аясында құқық қорғау органдарына жан-жақты көмек көрсетіп, қажетті өзара іс-қимылды қамтамасыз етуде. Сондай-ақ сұратылған ақпарат пен материалдарды ұсынып жатыр», – делінген қордың хабарламасында.
Бұдан өзге қор өкілдері істің мән-жайына қатысты қосымша ақпарат бермеген.
Еске салайық, 11 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отышиевтің ұсталғанын растаған еді. Олар сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген. Тергеу мүддесіне байланысты істің өзге деректері жарияланбай отыр.
Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде Астанадағы «Атлант» тұрғын үй кешенінің маңында шашылып жатқан, долларға ұқсас банкноттар мен чемодандар түсірілген видео тарады. Сонымен қатар Нұрлан Жақыповты ұстау сәті болуы мүмкін деген фотосурет те жарияланды. Алайда бұл кадрлардың тергеу ісіне қатысы бар-жоғы ресми түрде нақтыланбаған.
Жақыпов пен Отышиевтің ұсталуына қоғамның ерекше назар аударуы екі ірі ұлттық компанияның басшыларына қатысты тергеудің ауқымын аңғартады. Қазіргі уақытта олардың кінәсі сотта дәлелденген жоқ.
Материал авторы