Астанадағы балабақшада тәрбиеші бүлдіршінге қол көтерді деген күдікке ілінді
Баланың туысы тәрбиешілер тарапынан күш қолдану бірнеше ай бойы қайталанғанын айтып, әлеуметтік желіде шағымданды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанадағы №87 «Қадыр» мемлекеттік балабақшасында бүлдіршінге күш қолданылды деген ақпарат тарады. Оқиға туралы тәрбиеленушілердің бірінің туысы әлеуметтік желіде жазып, мұндай жағдай бірнеше ай бойы қайталанғанын мәлімдеді.
Әйелдің айтуынша, балабақша қызметкерлері қыз балаға бұған дейін де қол көтерген. Оның сөзінше, алғашқы оқиғадан кейін мекеме басшылығы жағдайдан хабардар болғанымен, кейін мұндай жағдай тағы қайталанған.
Соңғы оқиға тәрбиеші көмекшісінің қатысуымен болған. Әйелдің айтуынша, қызметкер бүлдіршіннің қашып кетуге әрекеттенгенін, сол кезде қолы абайсызда балаға тиіп кеткенін түсіндірген.
Астана қаласы Есіл ауданының полиция басқармасы аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді», – делінген полиция хабарламасында.
Оқиғаның мән-жайы мен балабақша қызметкерлерінің әрекетіне қатысты құқықтық баға тергеу нәтижесінде белгілі болады.
Материал авторы