Теміртауда жоғалған әйелдің өліміне күдікті оны іздеуге де қатысқан
Қыркүйекте жоғалған әйелдің сүйек қалдықтары шипажай аумағынан табылды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қарағанды облысында қыркүйек айында жоғалып кеткен Теміртау қаласының 38 жастағы тұрғынының сүйек қалдықтары табылды. Оны өлтірді деген күдікпен азаматтық некедегі күйеуі ұсталды. Белгілі болғандай, ер адам әйел жоғалғаннан кейін оны іздеу жұмыстарына да қатысқан.
Әйел 20 қыркүйекте жоғалып кеткен. Сол кезде оның күйеуімен жанжалдасып, үйден шығып кеткені айтылған. Ер адам әйелдің өз еркімен кетуі мүмкін деген нұсқаны қолдап, іздеу жұмыстарына да араласқан.
Осы уақыт ішінде қалада ауқымды іздеу жұмыстары жүргізілді. Еріктілер мен әскери қызметшілер иттердің көмегімен орман алқаптарын, саяжайлар маңын және зираттарды тексерген. Алайда әйелді табу мүмкін болмады.
Кейін оның сүйек қалдықтары Теміртаудан 22 шақырым қашықтағы шипажай аумағынан табылғаны белгілі болды. Ақпаратқа қарағанда, ұсталған күдікті сол жерде от жағушы болып жұмыс істеген.
Теміртау қалалық полиция басқармасының бастығы Талғат Бакаев күдіктінің ұсталғанын растады. Оның айтуынша, мәйітті қарау кезінде зорлық-зомбылық белгілері анықталған.
«Біз осы қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 40 жастағы ер адамды анықтап, ұстадық. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деді полиция басшысы.
Марқұмның артында үш баласы қалды. Кенже баласы небәрі үш жаста.
Бұған дейін әйелдің денесі 13 қарашада табылғаны хабарланған еді. Оның әпкесінің айтуынша, жоғалар алдында марқұм азаматтық некедегі күйеуімен сөзге келген. Сол кезде үйде әйелдің ұлы және баспанасыз қалғандықтан олар паналатқан 19 жастағы жігіт те болған.
Материал авторы