Теміртауда автобус жүргізушісі рейс кезінде рөлде көз жұмды
64 жастағы жүргізушінің денсаулығы кенеттен нашарлап, басқарусыз қалған автобус тротуарға шығып, ағашқа соғылған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Теміртауда қоғамдық көлік жүргізушісі рейс кезінде өзін жайсыз сезініп, есінен танып қалған. Соның салдарынан басқарусыз қалған автобус жолдан шығып, тротуарға өтіп, ағашқа соғылды. Оқиға кезінде салонда 15-ке жуық жолаушы болған. Олардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ.
Жол-көлік оқиғасы 14 қараша күні сағат 10:30 шамасында болған. Полиция мәліметінше, Yutong маркалы автобустың 64 жастағы жүргізушісінің денсаулығы кенеттен нашарлап, ол есінен танып қалған.
«Автобус қозғалысын жалғастырып, ағашқа соғылған. Жүргізуші оқиға орнында көз жұмды. Салонда 15-ке жуық жолаушы болған. Бақытымызға қарай, олардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ», – деп хабарлады Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Жолаушылар бірден жүргізушіге көмек көрсетуге ұмтылып, алғашқы медициналық жәрдем беруге тырысқан. Алайда шақырту бойынша келген медицина қызметкерлері ер адамның қайтыс болғанын растады.
Аталған жол-көлік оқиғасы полицияда тіркелді. Қазір жағдайдың мән-жайы анықталып жатыр.
Материал авторы