872

Жұмыс іздеп кеткен: Абай облысында үш жыл бұрын жоғалған ер адамның өлтірілгені анықталды

Полиция жоғалған азаматтың ісін тоқтатпай, бірнеше нұсқаны тексеру нәтижесінде басқа қылмыс үшін сотталған адамның ізіне түскен.

Жұмыс іздеп кеткен: Абай облысында үш жыл бұрын жоғалған ер адамның өлтірілгені анықталды
ІІМ

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Абай облысында 2023 жылы жұмыс істеу үшін үйінен шығып, хабар-ошарсыз кеткен ер адамның өліміне қатысты қылмыс ашылды. Күдікті бұған дейін басқа қылмыс жасап, колонияда жазасын өтеп жатқан жерінен анықталған. Ол марқұмның денесін жасырған орынды өзі көрсетіп, кісі өлтіргенін мойындаған. 

Оқиға 2023 жылдың қыркүйегінде басталған. Сол кезде жергілікті тұрғын полицияға күйеуінің жоғалып кеткені туралы арыз берген. Әйелдің айтуынша, ер адам жұмыс істеу үшін үйінен кеткеннен кейін байланысқа шықпай қалған.

Ол кезде жүргізілген ауқымды іздеу жұмыстары нәтиже бермеген. Алайда полицейлер істі тоқтатпай, түрлі нұсқаны тексеруді жалғастырған.

Тергеу барысында жоғалған ер адамға қатысы болуы мүмкін деген күдік басқа қылмыс үшін сотталып, колонияға жіберілген азаматқа түскен. Құқық қорғау органдары оның ықтимал қатысын тексеру үшін қосымша кешенді жұмыс жүргізген.

«Нәтижесінде күдікті кінәсін мойындап, қылмыстың қалай жасалғанын егжей-тегжейлі баяндады және ер адамның денесін жасырған жерді көрсетті», – деп хабарлады ІІМ.

Қазіргі уақытта тергеу аяқталған. Қылмыстық іс материалдары айыптау актісімен бірге сотқа жолданды.

Материал авторы