Илон Маск компаниясы ғарыш тарихында жаңа жетістікке жетті

SpaceX Starship кемесінің жоғарғы сатысын алғаш рет мұнарамен ұстап алды.

Илон Маск компаниясы ғарыш тарихында жаңа жетістікке жетті
SpaceX

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Илон Масктың SpaceX компаниясы Starship алып ғарыш кемесінің жоғарғы сатысын ұшыру мұнарасына қайта қондырып, механикалық манипуляторлармен ұстап қалды. Бұл – компания тарихындағы алғашқы осындай сәтті әрекет. Сынақ 14 қарашада Техас штатындағы Бока-Чика қаласында орналасқан Starbase ғарыш айлағында өтті. 

Биіктігі 124 метр болатын аса ауыр ғарыш жүйесі 13 қарашада ұшырылған. Ұзақтығы 22 сағаттан асқан миссия кезінде Starship Жерді шамамен 275 шақырым биіктікте 15 рет айналып шыққан. Сонымен қатар орбитаға Starlink желісінің 26 жаңа интернет спутнигін сәтті жеткізген.

Бұл жолы SpaceX инженерлері 15 сынақ ұшыруының ішінде алғаш рет зымыранның екі бөлігін де қайта ұстап қалуды жоспарлаған. Оның бірі – ұзындығы 52 метрлік Starship кемесі, екіншісі – 72 метрлік Super Heavy үдеткіші.

Алайда төменгі сатыны қайтару кезінде Мексика шығанағы үстінде басқару жүйесінде ақау туындаған. Соның салдарынан компания үдеткішті мәжбүрлі түрде жою жүйесін іске қосқан.

«Үдеткіш Мексика шығанағы үстімен қайтып келе жатқан кезде басқару жүйесінде ақаулар пайда болды. Осыдан кейін мәжбүрлі жою жүйесі іске қосылды», – деп түсіндірді SpaceX өкілдері.

Айта кетейік, Super Heavy үдеткішін ұшыру мұнарасына қайтару әрекеті компанияда бұған дейін де сәтті орындалған. Алғашқы осындай жетістікке SpaceX 2024 жылдың қазан айында қол жеткізген. Компанияның басты мақсаты – алып зымыранның екі сатысын да Жерге қайтарып, қайта пайдалануды жолға қою.

Бұл нәтижеге жету үшін компанияға үш жылдан астам уақыт қажет болды. Starship кемесінің алғашқы сынақ ұшырылымы 2023 жылдың сәуірінде өткен, бірақ зымыран көп ұзамай жарылған. Кемені орбитаға толыққанды шығару тек 2026 жылдың 28 қыркүйегінде, 14-әрекет кезінде мүмкін болған. Дегенмен 33 қозғалтқыштың бірі істен шыққандықтан, миссия мерзімінен бұрын аяқталып, аппарат Тынық мұхитына қонған.

Болашақта NASA агенттігі Artemis бағдарламасы аясында астронавтарды Айға жеткізу үшін Starship кемесін пайдалануды жоспарлап отыр. Ал SpaceX бұл аппаратты Марсқа адам басқаратын экспедициялар ұйымдастыру мақсатында әзірлеп жатыр.

Материал авторы