245

Депутат бизнеске ру атауын беруге заң жүзінде тыйым салуды ұсынды

Депутат кәсіпорынның қызметіне қатысты сын сол рудың өкілдеріне де тиіп, руаралық араздыққа себеп болуы ықтимал екенін ескертті.

Депутат бизнеске ру атауын беруге заң жүзінде тыйым салуды ұсынды
t.me/@quryltairesmi

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда қазақ руларының атымен аталған 800-ге жуық коммерциялық және коммерциялық емес ұйым бар. Құрылтай депутаты Аят Сүгірбай мұндай атауларды заң жүзінде шектеуді ұсынып, бұл мәселені рушылдықтың белгісі ретінде қарастыруға болатынын айтты. 

Сүгірбай Әділет министрі Ерлан Сәрсембаевқа жолдаған хатында заңды тұлғалардың атауына қатысты талаптарды нақтылауды сұраған. Депутаттың пікірінше, қоғамдық ұйымдар мен кәсіпорындарды қазақ руларының атымен атауға заң жүзінде тыйым салу мәселесін қарастыру қажет.

Депутат келтірген «Заңды тұлғалар» мемлекеттік мәліметтер базасының дерегіне сәйкес, ру атаулары берілген ұйымдардың көбі 1996–2005 жылдары тіркелген.

«Ру – елдік мүддеден жоғары ұғым емес»

Сүгірбай ру атауын білу ата-баба тарихын тануға қатысты екенін, алайда оны елдік мүддеден жоғары қоюға болмайтынын жазған. Оның пайымынша, кәсіпорындар мен коммерциялық ұйымдарға ру атауларын беру қоғамда рушылдық түсініктің қайта жаңғыруына ықпал етуі мүмкін.

Депутат мұндай атауларды қолдану әділ бәсекелестік пен меритократия қағидаттарына кері әсер етіп, ортақ мүдденің орнына тар топтық мүддені алға шығаруы ықтимал екенін атап өтті.

Ол кәсіпорынның қызметіне немесе өніміне қатысты сын айтылған жағдайда, бұл пікір сол рудың өкілдеріне де тиіп, руаралық араздыққа түрткі болуы мүмкін деп санайды.

Заңға өзгеріс енгізу ұсынылды

Сүгірбай қолданыстағы заңнамада ру атауларын пайдалануға тікелей тыйым салатын норма жоқ екенін атап өтті. Оның айтуынша, Азаматтық кодекс заң талаптарына немесе қоғамдық моральға қайшы келетін атауларды қолдануға шектеу қояды.

Депутат «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы» және «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заңдарға, сондай-ақ басқа да нормативтік актілерге өзгеріс енгізуді ұсынған.

Ол Әділет министрлігінен заңды тұлғалар мен қоғамдық бірлестіктерді қазақ руларының немесе жүздерінің атауымен тіркеуге шектеу қою мәселесін қарастыруды сұрады.

Материал авторы