157

Әлемдік композитор Димашты Майкл Джексоннан да жоғары бағалады

«Титаник» хитінің авторы Димашқа баға берді.

Әлемдік композитор Димашты Майкл Джексоннан да жоғары бағалады
dimashinczech.cz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлемге әйгілі композитор Уолтер Афанасьефф Димаш Құдайбергенді бүгінгі таңда Майкл Джексоннан да танымал деп санайтынын айтты. Ол қазақстандық әншінің дауыс мүмкіндігін ерекше бағалап, оны өзі өмірінде естіген ең үздік вокалистердің бірі деп атады.

Афанасьефф бұл пікірін ән авторы Тоби Гэдпен бірге қатысқан Songs You Know подкастында білдірген. Әңгіме барысында олар Димаштың шығармашылығын талқылаған.

«Димаш қазір әлемде Майкл Джексоннан да танымал. Ол алты октава ауқымында ән айтады. Бәлкім, ол — өмірімде естіген ең үздік вокалист», – деді композитор.

Афанасьеффтің айтуынша, Димаштың гастрольдік туры 70 елді қамтиды, ал концерттеріне билеттер түгел сатылып кеткен. Композитордың сөзінше, әнші жақында Қазақстанда өткен концерттерінің бірінде 500 мың көрермен жинаған.

Подкаст кезінде Афанасьефф Гэдке Димашқа арнап бірге жазған Love’s Not Over Yet («Махаббат әлі аяқталған жоқ») әнін тыңдауды ұсынған. Композитордың мәліметінше, туындының YouTube-тағы қаралымы 20 миллионға жеткен.

Уолтер Афанасьефф Селин Дион, Мэрайя Кэри және Барбра Стрейзанд сынды орындаушылармен жұмыс істеген. Ол Мэрайя Кэридің All I Want for Christmas Is You, Hero және My All әндерінің авторларының бірі, сондай-ақ «Титаник» фильміндегі Селин Дион орындаған My Heart Will Go On композициясының қосалқы продюсері болған.

Тоби Гэд Бейонсе, Джон Ледженд және Мадонна әндерінің авторларының бірі ретінде танымал.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор