66

Қазақстанда шипажай-курорттық саланы дамытуға арналған жеке заң әзірлеу ұсынылды

«Әділет» партиясындағы отырыста шипажайлық емдеуді реттейтін жеке заң әзірлеу және табиғи емдік ресурстарды қорғау мәселелері көтерілді.

Қазақстанда шипажай-курорттық саланы дамытуға арналған жеке заң әзірлеу ұсынылды
Әділет партиясы

Қазақстанда мыңнан астам минералды бұлақ бар, олардың 600-ге жуығының емдік қасиеті ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Осы табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, шипажайда емделуді халыққа қолжетімді ету және салаға инвестиция тарту мәселелері «Әділет» партиясында талқыланды. Кездесуде шипажай-курорттық саланы реттейтін жеке заң әзірлеу мүмкіндігі де көтерілді. Бұл туралы «Әділет» партиясының ресми сайты хабарлады.

Партияның адами капиталды дамыту, әлеуметтік қолдау және жастар саясаты жөніндегі жобалық кеңсесінің отырысына Құрылтай депутаттары, министрліктердің, ғылыми қауымдастық пен бизнестің өкілдері қатысты.

«Әділет» партиясы шипажай-курорттық саланы дамыту мәселесін жазда, сайлауалды науқан кезінде де көтерген. Сол кезде Ақмола облысының Бурабай ауданында туризм және шипажай саласының қызметкерлерімен кездесіп, жергілікті бизнестің мүмкіндіктерін талқылаған. Қазір депутаттар сайлауалды бағдарламаны іске асыру аясында саланы дамыту үшін заңнамаға қандай өзгерістер қажет екенін зерделеп жатыр.

Шипажай саласына жеке заң қажет пе?

Партия төрағасының орынбасары Ержан Жылқыбаев шипажайлардың ішкі туризмді дамытуға, аурулардың алдын алуға, азаматтардың денсаулығын қалпына келтіруге және өңір экономикасын нығайтуға ықпал ететінін айтты.

Оның мәліметінше, Қазақстанда шипажай-курорттық салада 333 ұйым тіркелген. Олардың 86 пайызы жекеменшік. Жылқыбаев саланың әлеуеті еліміздің барлық дерлік өңірінде бар екенін атап өтті.

Оның пікірінше, шипажайда емделу азаматтардың барлық санаты үшін қолжетімді болуы керек. Ол үшін инфрақұрылым мен медициналық жабдықтарды жаңғырту, әлеуметтік қолдауды қажет ететін адамдардың емделу мүмкіндігін кеңейту және жеке инвестиция тарту қажет. Сонымен бірге табиғи кешендерді қорғап, емдік ресурстарды ұқыпты пайдалану маңызды.

Құрылтай депутаты Шолпан Каринованың айтуынша, шипажайлық-курорттық емдеу туралы жеке заң әзірлеу мәселесін қазір төрт бейінді комитеттің депутаттары зерделеп жатыр. Олар министрліктермен, әкімдіктермен және сарапшылармен бірлесіп, саланы дамытуға қажетті заңнамалық өзгерістерді анықтауға тиіс.

Каринова жеке заң жобасымен қатар табиғи аймақтарға, жер қойнауына және емдік суларға қатысты заңнамаға ілеспе түзетулер енгізу мүмкіндігі де қарастырылуы ықтимал екенін айтты.

Емдеу түрлерін ажыратып, ортақ стандарт енгізу ұсынылды

Денсаулық сақтау вице-министрі Манас Рамазанов заңнамада медициналық оңалту мен шипажайлық-курорттық емдеу ұғымдарын нақты ажыратуды ұсынды. Оның түсіндіруінше, оңалту ауыр сырқаттан, жарақаттан немесе операциядан кейін денсаулықты қалпына келтіруге бағытталса, шипажайлық емдеу аурудың алдын алу мен денсаулықты нығайтуды да қамтиды.

Денсаулық сақтау министрлігі шипажайлық-курорттық емдеудің жеке стандартын әзірлеп, Қазақстанның табиғи емдік ресурстары туралы бірыңғай дерекқор құруды ұсынған. Онда ресурстардың құрамы, қасиеттері және медициналық көрсетілімдері туралы ақпарат қамтылуы мүмкін.

2026 жылы 103 мыңнан астам адам шипажайда ем алған

Кездесуде шипажайлық емнің халыққа қолжетімділігі де талқыланды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша елде 151 мыңнан астам жолдама беріліп, 103 мыңнан астам адам ем қабылдаған. Ерекше қажеттіліктері бар балаларға 26 мың жолдама ұсынылған.

Вице-министр Айнұр Әбдірахманова азаматтар Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы шипажайды өздері таңдай алатынын айтты. Порталда 146 қызмет көрсетуші тіркелген.

Туризм және спорт министрлігінің дерегіне сәйкес, 2023 жылы Қазақстан шипажайларында 413 мыңнан астам адам демалған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 9 пайызға көп. Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұрбол Байжанов шипажайлар туралы ақпаратты жаңартуды, инвесторларға қолайлы жағдай жасауды және жыл бойы жұмыс істейтін сауықтыру туризмін дамытуды ұсынды.

Мамандандырылған шипажайлар мен кадр даярлау мәселесі

Кездесуде белгілі бір ауру түрлеріне және жергілікті табиғи ресурстардың ерекшеліктеріне қарай емдеу бағдарламаларын әзірлейтін мамандандырылған шипажайлар желісін қалыптастыру мәселесі де қаралды. Бұл туралы Курортология және медициналық оңалту ғылыми-зерттеу институтының директоры Саягүл Қайыргелдина айтты.

Салаға қажетті мамандарды даярлау мәселесі де талқыланды. Қазір Қазақстандағы 281 колледж туризм және қонақжайлылық саласына кадр даярлайды. Оқу-ағарту министрлігі шипажайлардың маман даярлауға қатысты өтінімдерін, соның ішінде кейін жұмысқа орналастыру мүмкіндігін ескере отырып, қарастыруға дайын.

Сонымен қатар қатысушыларға пациенттерді есепке алуға және шипажайлық емдеуді қаржыландыруды бақылауға арналған отандық «e-Шипажай» цифрлық платформасы таныстырылды. Жүйе бюджет қаражатын пайдаланбай, «Бурабай» шипажайында 515 пациенттің қатысуымен сынақтан өткізілген.

Кездесу соңында Құрылтай депутаты Нұржан Ниязалиев денсаулық сақтау, туризм, инвестиция тарту және табиғи емдік ресурстарды сақтау бағыттарын біріктіретін шипажай-курорттық саланы дамытудың ұлттық тұжырымдамасын әзірлеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Кездесу қорытындысы бойынша «Әділет» партиясының жобалық кеңсесі Құрылтай депутаттарымен бірлесіп, бейінді министрліктер мен сарапшылардың қатысуымен одан әрі пысықтауға арналған ұсыныстар әзірлейді.