919

ЖРВИ мен тұмау: Мектептер қашықтан оқытуға көше ме

Қазақстанда тұмауға қарсы екпе науқаны 1 желтоқсанға дейін жалғасып, екі миллионнан астам адам вакцина алған.

ЖРВИ мен тұмау: Мектептер қашықтан оқытуға көше ме
Shutterstock
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда ЖРВИ мен тұмауға қатысты эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Соңғы аптада тіркелген науқастар саны былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 2,7 есе азайған. Денсаулық сақтау жүйесі маусымдық сырқаттанушылықтың өсуіне дайын. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстанның бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Сархат Бейсенова мәлімдеді.

Қыркүйек айының басынан бері елде ЖРВИ-дің шамамен 1,5 миллион жағдайы тіркелген. Соңғы аптада 133 мыңнан астам адам ауырған. Бұл көрсеткіш 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7 есе төмен.

Коронавирусқа қатысты ахуал да тұрақты. Жыл басынан бері 381 жағдай анықталған. Бұл былтырғы көрсеткіштен 2,6 есе аз. Аурудан қайтыс болғандар жоқ.

Мектептер қалыпты режимде жұмыс істейді

Қазір елдегі бірде-бір мектепте сырқаттанушылық деңгейі 20 пайыздық шектен асқан жоқ. Сондықтан оқушыларды кабинеттік оқыту жүйесіне көшіру немесе онлайн сабақ өткізу қажеттілігі туындамаған.

Мектептер мен балабақшаларда күн сайын таңертеңгі сүзгі жүргізіледі. Бас санитариялық дәрігер ата-аналарды суық тию белгілері байқалған балаларды сабаққа жібермеуге шақырды.

Вакцинация 1 желтоқсанға дейін жалғасады

Қазақстан бойынша тұмауға қарсы вакцинация науқаны жалғасып жатыр. Ол 1 желтоқсанға дейін жүргізіледі.

Сатып алынған 2,2 миллион доза вакцинаның екі миллионнан астамы қолданылған. Екпе алдымен балаларға, жүкті әйелдерге, егде жастағы адамдарға және созылмалы аурулары бар науқастарға салынған.

Сырқаттанушылық артып, ауруханаға жатқызылатындар саны көбейген жағдайда өңірлерде инфекциялық төсек-орындардың резерві дайын. Стационарлардың жүктемесі 85 пайызға жеткен кезде қосымша орындар жедел ашылады.

Бұған дейін Астанада ЖРВИ мен тұмауға шалдығу көрсеткіші маусымдық тұрғыда өсіп жатқаны хабарланған еді. Сонымен қатар Маңғыстаудағы ЖРВИ өршуі балалар ауруханасына жүгінген науқастар санын екі есе арттырған. 

Материал авторы