167

«Қайда тығылсаңдар да, енді кеш»: Тұрсынбек Қабатовтың екінші әйелі желі қолданушыларын жазаламақ

Тұрсынбек Қабатовтың екінші жұбайы рұқсатсыз жарияланған суреттері мен жазбалары үшін заңға жүгінбек.

«Қайда тығылсаңдар да, енді кеш»: Тұрсынбек Қабатовтың екінші әйелі желі қолданушыларын жазаламақ
Instagram.com/t_a_d_d_s_

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың екінші жұбайы Айман Талғатқызы әлеуметтік желілерде оның есімі мен фотосуреттерін рұқсатсыз пайдаланып, өз атынан жазба жариялаған адамдарға қатысты заңды шара қолданатынын мәлімдеді. Ол бұған дейін не себепті үнсіз қалғанын түсіндіріп, жалған парақшалардың скриншоттарын жариялады.

Айман Талғатқызының сөзінше, ол Instagram, Threads, TikTok және басқа да платформалардағы жазбалар мен пікірлерді дәлел ретінде жинақтап алғанша көпшілікке мәлімдеме жасауды кейінге қалдырған. Бұл жұмысқа адвокат, сарапшы және нотариус көмектескен. Сондай-ақ ол парақша иелерін анықтау үшін IP-мекенжайларды зерттейтін тиісті органдарға жүгінгенін айтты.

Оның мәлімдеуінше, кейбір қолданушылар бұған дейін жазған пікірлерін өшіре бастаған. Алайда Айман Талғатқызы барлық қажетті жарияланымды алдын ала тіркеп қойғанын жеткізді.

«Жанталасып пікірлеріңді өшіріп жатырсыңдар. Ешқандай кешірім қабылдамаймын», – деп жазды ол.

Әйел өзі жалған деп атаған бірнеше парақшаның скриншотын да жариялады. Оның айтуынша, бұл аккаунттардың иелері де жиналған материалдар тізіміне енгізілген.

Айман Талғатқызы кейбір қолданушылар өз әрекеттерінің заң алдындағы салдарын біле тұра, жарияланымдарын жалғастырғанын атап өтті.

«Оның үстіне, әрекеттеріңнің қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін екенін біле тұра, тоқтамадыңдар. Маған да еріншектік жат емес. Қалай өзгертсеңдер де, қайда тығылсаңдар да, енді кеш», – деді ол.

Сондай-ақ ол TikTok желісінде өзінің есімімен ашылған парақшаға жеке тоқталды. Айман Талғатқызының айтуынша, аккаунт бастапқыда фан-парақша ретінде құрылғанымен, оны жүргізген адам өзін оның орнына көрсетіп, көпшіліктің наразылығын тудырған жазбалар жариялаған.

«TikTok-та менің атымнан фан-парақша ашып, халықтың ашу-ызасын тудыратын контент жариялап, мен болып көрініп жүрген парақша иесіне қатысты заң аясында жауапкершілік мәселесі көтеріледі», – деп мәлімдеді ол.

Айман Талғатқызы есімі, фотосуреттері мен видеолары рұқсатсыз қолданылған өзге де материалдарды нотариус арқылы тіркеп, тиісті құжаттарды жинақтап жатқанын айтты.

Бұған дейін продюсер Мөлдір Мұқанова әзілкеш Тұрсынбек Қабатовпен заңды некесін бұзғанын мәлімдеген еді. Оның айтуынша, осыдан 14 жыл бұрын әзілкештің басқа әйелмен қарым-қатынасы болған. Сондай-ақ продюсер бұрынғы күйеуі балаларын бұғаттап тастағанын айтқан.

Мөлдір Мұқанованың сұхбатынан кейін әлеуметтік желі қолданушылары Тұрсынбек Қабатовқа бойкот жариялауға шақырып, оның Instagram парақшасына түрлі пікір қалдырған. Кейін әзілкеш бұрынғы жұбайының сұхбатына жауап берген болатын.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор