421

Ұлттық ұлан академиясының 450 курсанты «Кітап оқитын ұлт» марафонына қатысып жатыр

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапхана болашақ офицерлердің кітап оқуына жағдай жасау үшін жұмыс кестесін өзгерткен.

Ұлттық ұлан академиясының 450 курсанты «Кітап оқитын ұлт» марафонына қатысып жатыр

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы академиясының курсанттары «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафонының ең белсенді қатысушыларының қатарына енді. Бүгінде 450 болашақ офицер жексенбі күндерін кітапханада өткізіп, кітап оқуды күнделікті әдетке айналдырған.

«Кітап оқитын ұлт» марафонының басталғанына 73 күн болды. Осы уақыт ішінде қатысушылар 1,8 миллионнан астам кітап оқып, 104 мыңнан астам бейнепікір жариялаған және 453 миллионнан астам ұпай жинаған. Қазір оқырмандар марафон аясында белгіленген 15 кітаптың жетіншісін оқып жатыр. Жобаның аяқталуына тағы 103 күн бар.

Республика бойынша жоғары белсенділік танытып отырған өңірлердің бірі – Солтүстік Қазақстан облысы. Мұнда белсенді оқырмандардың үлесі 84,6 пайызды құрап, олардың саны 16 976 адамға жеткен. Сондай-ақ облыста «Кітап оқитын университет» бағыты бойынша 1 200-ден астам студент марафонға қатысып жатыр.

Олардың қатарында Ұлттық ұлан академиясының 450 курсанты бар.

Академия басшылығы болашақ офицерлердің кітап оқуына арнайы жағдай жасаған. Курсанттар әр жексенбі сайын Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханаға барады. Бұған дейін жексенбі кітапхананың демалыс күні болған. Алайда курсанттарға қолайлы жағдай жасау мақсатында мекеме жұмыс кестесін өзгертіп, демалыс күнін аптаның басқа күніне ауыстырған.

«Курсанттарды демалыс күні кітапханаға алғаш алып келгенімізде, шынымды айтсам, алаңдадым. Он сегіз жастағы бозбалалар жалғыз бос күнін кітап оқумен өткізгісі келе ме екен деген ой болды. Кейін олардың оқығандары туралы пікір таластырып, бір-біріне кітап ұсынып, оқу залында жабылғанға дейін отырып қалатынын көрдім. Офицер – сарбаздарын соңынан ерте білетін адам. Ол үшін жалғыз тәртіптің өзі жеткіліксіз. Адамды түсініп, жүрекке жол табатын сөз айта білу керек. Осыны кітап үйретеді», – деді Ұлттық ұлан академиясының 2-оқу батальоны командирінің орынбасары Арман Сыздықов.

Академияның бірінші курс курсанты Алпамыс Есбалаев та марафонның жетінші кітабын оқуға кіріскен. Оның айтуынша, кітап оқу әдеті күнделікті өміріне өзгеріс әкелген.

«Үйде аз оқитынмын, үнемі уақыт жоқ сияқты көрінетін. Ал мұнда жексенбі ең сүйікті күніме айналды. Таңертең кітапханаға барамыз, сонда асықпай, кітаппен оңаша қалуға болады. Қазір марафонның жетінші кітабын бастадым. Ата-анама қоңырау шалғанда, оқуым туралы ғана емес, оқыған кітаптарым туралы да айтамын. Анам менің басқаша, ересек адамша сөйлей бастағанымды айтады. Сірә, солай шығар», – деді курсант.

Ұлттық ұлан академиясы мен Сәбит Мұқанов атындағы кітапхана 2020 жылдан бері ынтымақтастық орнатып келеді. Серіктестік болашақ офицерлер арасында кітап оқу мәдениетін дамытуға, олардың ой-өрісін кеңейтуге және отандық әрі әлем әдебиетіне қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Кітапхана директоры Бейбітгүл Әбілмажинованың айтуынша, курсанттар қазақ классиктері мен әлем әдебиеті өкілдерінің шығармаларын оқып, кітапхана мамандарынан әдеби туындылар жөнінде кеңес алады.

«Демалыс күнін ауыстыру ұжымымыз үшін мүлдем қиын шешім болған жоқ. Біз оқырман үшін жұмыс істейміз, ал оқырман жексенбі күні келсе – демек, жексенбі күні кітапхана ашық болуы тиіс. Академиямен достығымызды мақтан тұтамыз және кітап болашақ офицерлер өмірінің бір бөлігіне айналғаны үшін оның басшылығына алғыс айтамыз», – деді кітапхана директоры.

«Кітап оқитын ұлт» марафонының ұйымдастыру комитеті курсанттардың кітап оқуына жағдай жасаған Ұлттық ұлан академиясының басшылығы мен Сәбит Мұқанов атындағы кітапхана ұжымына алғыс білдірді.