691

Маңғыстауда фламингоны мазалағандар жазалануы мүмкін

Фламингоны дронмен түсіргендерге жаза қолданылмақ.

Маңғыстауда фламингоны мазалағандар жазалануы мүмкін
t.me/@qazfwc

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстандық фотографтар мен блогерлерге Үстірт мемлекеттік табиғи қорығына ұшып келген фламингоны дрон арқылы түсірудің салдары туралы ескерту жасалды. Құстарды мазалау олардың келесі маусымда бұл аумаққа оралмауына әкелуі мүмкін. Бұл туралы Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жазды.

Ведомствоның Telegram-арнасында дрондарды ұшыру фламингоға қауіп төндіретіні айтылған. Құстарды жақыннан түсіріп, әсерлі кадрлар алуға ұмтылу олардың тыныштығын бұзып, қатты күйзеліске ұшыратуы мүмкін.

Комитет өкілдерінің мәліметінше, дрондардың шуылы мен құстарға жақындауы оларды үркітіп, қоректенуі мен тынығуына кедергі келтіреді. Ал құстарды жүйелі түрде мазалау келесі маусымда олардың осы аумаққа қайта оралмауына себеп болуы ықтимал.

Қазақстан заңнамасында да мұндай әрекеттерге шектеу қойылған. «Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» заңның 14-бабы 3-тармағының 5) тармақшасына сәйкес, итбалықтар, жабайы тұяқты жануарлар мен топтасып тіршілік ететін құстар жаппай мекендейтін аумақтардың үстінен бір шақырымнан төмен биіктікте ұшақ, тікұшақ және өзге де ұшу аппараттарының ұшуына тыйым салынады.

Комитет бұл талаптың ұшқышсыз ұшу аппараттарына да қатысты екенін атап өтті. Заң талаптарын бұзғандар Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Осыған байланысты ведомство блогерлерді, фотографтарды, бейнеоператорлар мен туристерді табиғатты қорғау заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор