Жаңаөзендегі мектеп дәретханасының видеосы жұртты шошытты
Ата-аналардың наразылығына себеп болған видеодағы мектеп ғимараты 1976 жылы пайдалануға берілген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлеуметтік желіде Жаңаөзендегі мектептердің бірінің дәретханасы түсірілген видео таралып, ата-аналардың ашуын туғызды. Желі қолданушылары балалардың қандай жағдайда білім алып жүргеніне алаңдаушылық білдірді. Алайда қалалық білім бөлімі жарияланған кадрлар нысанның қазіргі жағдайын көрсетпейтінін мәлімдеді. Бұл туралы Lada.kz жазды.
Әлеуметтік желіде тараған видеода №6 мектептің дәретханасы көрсетілген. Жазба авторының айтуынша, бюджет қаражатының жетіспеуіне байланысты ондағы жөндеу жұмыстары аяқталмаған. Ол балалардың санитариялық бөлмені пайдалануы мүмкін болмағанын айтып, мектептің жағдайына жауапты тұлғалардың әрекетсіздігіне наразылық білдірген.
Алайда Жаңаөзен қалалық білім бөлімінің өкілдері видеодағы көріністер жөндеу жұмыстарына дейін түсірілгенін мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, жазғы демалыс кезінде жаңа оқу жылына дайындық аясында мектепте ағымдағы жөндеу жүргізілген. Дәретханалардағы санитариялық-техникалық жабдықтар кезең-кезеңімен жаңартылып, жұмыс жағдайына келтірілген. Сонымен қатар жылу желілері тексеріліп, жөнделген.
Білім бөлімінің мәліметінше, мектеп ғимараты 1976 жылы пайдалануға берілген. 2023 жылы нысанның техникалық жағдайына сараптама жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша 2024 жылы күрделі жөндеуге арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленген.
2025 жылы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігер ұйым анықталып, сол жылдың желтоқсанында жұмыстың алғашқы кезеңіне қаражат бөлінген. Бөлінген қаржыға спорт және акт залдары, кітапхана мен технология пәніне арналған екі кабинет жөнделген. Сондай-ақ күрделі жөндеуге қажетті құрылыс материалдары сатып алынып, уақытша сақтауға қойылған.
Маңғыстау облысының білім басқармасы да видеодағы кадрлар екі жыл бұрын түсірілгенін хабарлады. Ведомство өкілдерінің айтуынша, ескі бейнежазба жақында әлеуметтік желіде басқа аудиожолақпен қайта жарияланған.
Материал авторы