Илон Маск АҚШ-тағы әр балаға SpaceX-тің екі акциясын беруге уәде етті
Бұған дейін әр балаға бір акциядан беретінін айтқан кәсіпкер енді оның біреуін компаниядан, екіншісін жеке өзі ұсынатынын мәлімдеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, әлемдегі ең бай адам Илон Маск АҚШ балаларына тегін үлестірілетін SpaceX акцияларының санын екі есеге арттырды. Енді әр балаға компанияның екі акциясы беріледі. Бұған дейін кәсіпкер бір акциядан бөлетінін мәлімдеген еді.
Қазан айында Илон Маск америкалық балалардың әрқайсысына SpaceX компаниясының бір акциясын беруге уәде еткен. Алайда енді бұл бастамаға тағы бір акция қосылды.
«Балалар бір акцияны компаниядан, екіншісін жеке өзімнен алады», – деп жазды Маск X әлеуметтік желісінде. Ол әзірге бастаманың қалай жүзеге асатыны жөнінде қосымша мәлімет берген жоқ.
Бұған дейін, сәрсенбі күні SpaceX Trump Accounts бағдарламасы аясында ашылған әрбір шотқа А санатындағы бір жаңа акциядан бөлетінін хабарлаған болатын. Бұл бағдарлама 18 жасқа толмаған америкалықтарға ерте жастан инвестиция салып, қаражат жинауға мүмкіндік беруді көздейді.
Компания өкілдерінің айтуынша, SpaceX болашақтың инфрақұрылымын қалыптастырып, Жерден тыс жерде өмір сүруге мүмкіндік беретін технологияларды дамытып жатыр. Сондықтан осы бағыттағы жобаларды жүзеге асыратын компанияның үлесі келесі ұрпаққа да тиесілі болуы керек.
SpaceX миллиондаған америкалық балаға бір акциядан бөлу арқылы жас ұрпаққа болашақ технологияларын дамытуға қатысуға мүмкіндік беруді мақсат етіп отыр.
Қазан айындағы мәлімет бойынша, Trump Accounts бағдарламасы аясында шамамен 70 миллион шот ашылған. Ал сәрсенбідегі сауда қорытындысында SpaceX акциясының бағасы 127,44 долларды құрады. Осылайша, балаларға үлестірілуі мүмкін акциялардың жалпы құны шамамен 18 миллиард долларға бағаланып отыр.
Айта кетейік, қазан айының басында Tesla мен SpaceX акцияларының қымбаттауынан кейін Илон Масктың байлығы бір триллион доллардан асқаны хабарланған еді.
Материал авторы