Қонаевта қоқысты дұрыс тастамаған жүргізуші жауапқа тартылды
Жүргізуші қалдықтарды арнайы орынға емес, кәдімгі қоқыс контейнеріне тастаған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қонаев қаласында тұрмыстық қалдықтарға арналмаған қоқысты кәдімгі контейнерге тастаған жүргізуші анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Құқықбұзушылық бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
Оперативтік басқару орталығының бейнебақылау жүйесі арқылы тіркелген оқиғадан кейін полиция қызметкерлері көліктің қозғалыс бағытын бақылап, жүргізушіні анықтаған. Кейін оған қатысты тиісті шара қолданылған.
Алматы облысының полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қалдықтардың әр түріне оларды жою мен кәдеге жаратуға қатысты жеке талаптар белгіленген.
«Бұл талаптарды сақтамау санитариялық жағдайдың нашарлауына және қалалық ортаның ластануына әкеледі», – деп хабарлады ведомство.
Полиция тұрғындарды тазалық сақтауға шақырып, қаланың тәртібі мен тазалығына әр азамат жауапты екенін еске салды.
Бұған дейін Астанада 18 және 19 жастағы екі жігіт өздері ластаған аялдаманы тазалауға мәжбүр болған еді. Құқықбұзушылар да бейнебақылау камералары арқылы анықталған.
Қазақстанда «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы заң талаптарын қатаң сақтауға, құқықбұзушылықтарға төзбеушілік танытуға және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған.
Материал авторы