Шымкентте кофеханада қызға стақан лақтырған ер адам ұсталды
Ер адам қыздың беті мен қолын жарақаттаған көрінеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкенттегі кофеханалардың бірінде келушілер арасында жанжал шығып, ер адам қызға шыны стақан лақтырған. Салдарынан жәбірленуші беті мен қолынан жарақат алып, медициналық көмекке жүгінген. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Оқиға Тәуке хан даңғылындағы кофеханалардың бірінде болған. Жанжал сәті мекеменің бейнебақылау камерасына түсіп, кейін әлеуметтік желіде тарады.
Жарияланған жазба авторының айтуынша, қыздар көрші үстелде отырған ер адамдардан дауыстарын бәсеңдетуді сұраған. Алайда олар қыздармен танысуға әрекет жасаған. Қыздар бұл ұсыныстан бас тартқан соң, келушілер арасында сөзге келу басталған.
Жанжал кезінде ер адамдардың бірі қызға шыны стақан лақтырған. Соның салдарынан ол беті мен қолынан жарақат алған. Медициналық көмек қажет болған жәбірленушіге қатысты оқиғадан кейін ер адамдар полиция келгенге дейін кофеханадан кетіп қалған.
Шымкент қалалық полиция департаменті оқиғаны растап, қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«25 қарашада Шымкенттегі дәмханалардың бірінде келушілер арасында жанжал болған. Ер адам әйелге шабуыл жасап, оған шыны стақан лақтырған. Салдарынан жәбірленуші беті мен қолынан жарақат алды. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деп мәлімдеді полиция департаменті.
Құқық қорғау органдары күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстаған. Қазір ер адам уақытша ұстау изоляторында отыр. Тергеу барысы полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкентте басқа бір дәмхананың күзетшілері мен келушілері арасында жол үстінде төбелес болып, бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған еді.
Материал авторы