Шулаған балаларды тыныштандырмақ болған ер адам сотталды
Ауладағы шу үшін балаға қол көтерген жолсерік жазаланды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбеде аулада шу шығарды деген сылтаумен жасөспірімді ұрып-соққан 45 жастағы ер адам сотталды. Жолаушылар пойызының жолсерігі болып жұмыс істейтін тұрғынға қатысты қылмыстық іс бұзақылық бабы бойынша қаралды.
Оқиға ер адам өз пәтерінде демалып жатқан кезде болған. Балалар алаңында шулаған жасөспірімдердің әрекетіне ашуланған ол далаға жүгіріп шыққан. Сол сәтте балалардың бірі оған бейәдеп ым-ишара көрсеткені ер адамның ызасын одан сайын арттырған.
Көпшілігі қашып үлгергенімен, алаңда қалған жалғыз жасөспірім ер адамның зорлық-зомбылығына тап болды. Ол оқушыны балағаттап, алдымен құлағынан ұрып, кейін басынан бірнеше рет жұдырықпен соққы жасаған.
Медициналық тексеру нәтижесінде жәбірленушінің денесінен гематомалар анықталып, оның денсаулығына жеңіл зиян келгені расталды. Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жасөспірімнен кешірім сұрады.
Жәбірленуші тарап айыпталушыны кешіруден бас тартқанымен, оны бас бостандығынан айырмауды сұрады. Сот шешімімен ер адамға бір жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Материал авторы