Алматыда бес адамның өлімі: Үйге өрт қойған әйел ұсталды
37 жастағы әйел өртті жеке бас араздығына байланысты әдейі қойған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда бес адамның өмірін қиған өртке қатысты күдікті ұсталды. Бостандық ауданындағы жеке тұрғын үйде болған қайғылы оқиғадан кейін полиция қызметкерлері арнайы тергеу-жедел тобын құрып, күдіктінің ізіне түсті.
Тергеу мәліметінше, 37 жастағы әйел жеке бас араздығына байланысты қасақана өрт қойған. Құқық қорғау органдары бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеп, оның жүріп өткен бағытын анықтады.
Қазіргі таңда күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатыр.
Еске сала кетейік, 26 қарашаға қараған түні болған өрт салдарынан бес адам, оның ішінде бір бала қаза тапқан болатын. Төтенше жағдай кезінде марқұмдардың денесі өртті сөндіру барысында табылған еді.
Материал авторы