Алматыда 3,6 млрд теңгелік криптовалюталық схема әшкереленді
Шетелдіктердің шоттарын пайдаланған қылмыстық топ сот алдына барады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда шетелдіктердің банк шоттарын пайдаланып, 3,6 миллиард теңгеден астам қаржыны айналымға түсірген қылмыстық топтың ісі сотқа жолданды. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдіктілер заңсыз криптовалюта операциялары мен онлайн-казино төлемдерін жүзеге асыру үшін «дропперлер» желісін құрған.
Тергеу барысында анықталғандай, алматылық үш тұрғын Қырғызстан азаматтарын, негізінен студенттер мен қаржылық қиындыққа тап болған жастарды тартқан. Оларға Қазақстанға келу, тұру және тамақтану шығындарын төлеп, ұялы телефондар мен SIM-карталар беріп отырған. Шетелдіктер өздерінің банк шоттарына қолжетімділікті бергеннен кейін елдеріне қайтарылған.
Қылмыстық топ бұл шоттар арқылы тиісті лицензиясыз USDT криптовалютасын сатып алу және сату операцияларын жүргізген. Сонымен қатар, SkyPhoenix халықаралық төлем платформасы арқылы Pinco, Pinup, Nomad Games, Sultan Games сынды онлайн-казинолардың төлемдерін өңдеген.
Агенттік өкілдерінің хабарлауынша, күдіктілер ойыншылардан түскен қаражаттың 4 пайызын сыйақы ретінде алып отырған. Олар онлайн-казино ұйымдастырушыларының табысын криптовалютаға айналдырып, шығаруды қамтамасыз еткен. Осы уақыт ішінде дропперлердің шоттары арқылы 3,6 миллиард теңгеден астам қаражат өткен.
Қазіргі таңда екі күдіктіге қатысты үйқамақ бұлтартпау шарасы таңдалды. Сондай-ақ сот санкциясымен үш автокөлік пен бір жер учаскесі тәркіленді. Қылмыстық іс материалдары сот қарауына жіберілді.
Материал авторы