Ауғанстанда мектеп маңындағы жарылыстан жеті бала қаза тапты
Оқиға салдарынан жеті оқушы қаза тауып, 97 адам әртүрлі дәрежедегі жарақат алды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ауғанстанның Кунар провинциясындағы мектеп маңында болған жарылыс салдарынан жеті оқушы қаза тапты. Оқиға орнында тағы 97 адам түрлі дене жарақатын алды.
Аймақтық ақпарат және мәдениет департаментінің басшысы Мавлави Самиула Хака Хакбианның айтуынша, қайғылы оқиға Андар-э-Сир ауданында тіркелген. Жарылыс тау-кен жұмыстары мен жол құрылысына арналған жарылғыш заттар сақталған тұрғын үйден шыққан.
Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Муфтий Абдул Матин Кане жарылысқа қауіпсіздік ережелерін сақтамау және салғырттық себеп болғанын мәлімдеді. Жарылыс толқыны мектептің жанындағы басқа да ғимараттарға зақым келтірген.
Зардап шеккендердің басым бөлігі Нангархар провинциясындағы ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің мәліметінше, жараланғандардың төртеуінің жағдайы өте ауыр.
Қазіргі таңда оқиға орнында тергеу амалдары жүргізілуде. Құзырлы органдар тексеру аяқталғаннан кейін жарылыстың нақты себептері мен мән-жайын толық жариялайтынын жеткізді.
Материал авторы