«Атырау Хакер» алаяқтық жасағаны үшін сотталды
Түркияда ұсталған атыраулық «хакерге» қатысты сот шешімі шықты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырау қаласының №2 соты әлеуметтік желіде «хакер» ретінде танылған Құрманғазы ауданының тұрғынына қатысты үкім шығарды. Ол ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.
Сот деректеріне сәйкес, айыпталушы 2022, 2024 және 2025 жылдар аралығында 12 адамды алдап, жалпы сомасы 13,3 миллион теңгеден астам қаражатты иемденген. Ол азаматтарға IT-курстар ұйымдастыруды, әлеуметтік желідегі аккаунттарды бұғаттан шығаруды, инвестициядан пайда табуды және такси қосымшасына салым салуды уәде еткен. Сондай-ақ, интернет алаяқтарына алданғандарға ақшаларын қайтарып беремін деп сендірген.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, келтірілген шығынның 10,3 миллион теңгеден астамын жәбірленушілерге қайтарып үлгерген. Сот оның бес кәмелетке толмаған баласы бар екенін ескеріп, жазаны жеңілдетті. Алғашқыда тағайындалған 4 жыл 8 айлық жаза амнистия туралы заңға сәйкес төрттен бірге қысқартылды.
Аталған азамат бұған дейін Жангелдин ауылындағы отбасының жоғалуына қатысты желіде «тергеу» жүргізіп, өзін «хакер» деп таныстырған видеоларымен елге танылған еді. Алайда полиция оның іздеу шараларына ешқандай қатысы жоғын және жоғалған адамдардың орны бұған дейін-ақ анықталғанын мәлімдеген болатын.
Шетелде жүрген күдіктіге қатысты биыл қаңтарда сырттай қамауға алу шарасы қолданылып, халықаралық іздеу жарияланған. Ақпан айында Түркияның Самсун қаласында ұсталған азаматқа қатысты сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Материал авторы