443

Түрік сериалдарының жұлдыздары Астанаға келді: елордада Түрік киносы күндері басталды

Бес күнге созылатын мәдени іс-шара аясында қазақстандық көрермендер халықаралық кинофестивальдерде жүлде алған және «Оскар» сыйлығына ұсынылған туындыларды тамашалай алады.

Түрік сериалдарының жұлдыздары Астанаға келді: елордада Түрік киносы күндері басталды
Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігі

26 қарашада Астанада Түрік киносы күндерінің салтанатты ашылуы өтті. Қазақстандық көрермендермен кездесуге Түркияның танымал актерлері, режиссерлері мен кино саласының өкілдері келді. Бес күнге созылатын мәдени іс-шара аясында түрлі жанрдағы алты фильм көрсетіледі, деп хабарлайды SMARTNEWS.KZ басылымы.

Іс-шараны Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігінің кинематография бас басқармасы мен Түркияның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен Yerli Düşünce («Ұлттық ой») қауымдастығы ұйымдастырды.

Салтанатты ашылу рәсіміне Түркияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мұстафа Капуджу, Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігінің кинематография бас басқармасының бас директоры Бирол Гүвен, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері қатысты.

Сондай-ақ Астанаға «Чукур», «Карадай» телехикаялары арқылы танылған Рыза Коджаоғлу, «Желді» («Hercai») телехикаясында өнер көрсеткен Илай Эркөк, «Қайта тірілген Ертұғрұл» және «Османның құрылуы» телехикаяларының актері Сезгин Эрдемир, режиссерлер Әли Өзел мен Ұғұр Яғджыоғлу, сценарист әрі продюсер Пынар Яғджыоғлу, композитор және актер Айдын Сарман келді.

Қазақстан мен Түркия бірлескен кино жобаларын жүзеге асыруға ниетті

Түркияның Қазақстандағы елшісі Мұстафа Капуджу салтанатты ашылу рәсімінде кино өнерінің түрлі мәдениет өкілдерін біріктірудегі маңызына тоқталып, екі елдің осы саладағы ынтымақтастығын одан әрі дамытуға ниетті екенін жеткізді.

«Кино – әлемге басқа қырынан қарауға мүмкіндік беретін, түрлі елдер мен мәдениеттердің өкілдерін ортақ сезім арқылы біріктіретін құнды өнер түрі. Әрбір фильм – жаңа сапар, әрбір оқиға – өзімізді және өзге әлемдерді қайта танып білуге берілген мүмкіндік. Бауырлас Қазақстанмен барлық салада оң бағытта дамып келе жатқан қарым-қатынасымыз мәдениет саласында да жалғасып келеді. Алдағы уақытта кино саласындағы ынтымақтастығымызды нығайтып, бірлескен фильмдер түсіруді қоса алғанда, жаңа жобаларды жүзеге асырамыз деп үміттенеміз», – деді Мұстафа Капуджу.

Дипломат түрік киносы мен телехикаяларының халықаралық деңгейдегі жетістіктері Түркияның тілі мен мәдениетінің әлемге танылуына, сондай-ақ мемлекеттер арасындағы мәдени байланыстардың нығаюына ықпал етіп отырғанын атап өтті.

Өз кезегінде Түркияның кинематография бас басқармасының бас директоры Бирол Гүвен Ыстанбұлда өткен Қорқыт ата түркі әлемі кинофестивалінде қазақстандық кинематографистердің жоғары деңгейде өнер көрсеткенін айтты.

«Қазақстан мен Түркия бір-біріне өте жақын елдер. Біз осы байланысты одан әрі нығайту үшін келдік. Бір ай бұрын Ыстанбұлда Қорқыт ата түркі әлемі кинофестивалін өткіздік. Оған түркі әлемінің барлық елдері қатысты. Қазақстанның да тамаша фильмдерін көрдік. Қазақстан фестивальде өзін өте жақсы таныта білді. Келер жылы бірлесіп түсірген фильмдерімізді тамашалаймыз деп үміттенемін», – деді Бирол Гүвен.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің кинематография басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аймахан Алтынбай екі ел арасындағы тарихи және мәдени сабақтастықтың кино өнерінде де көрініс тауып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ ол Қорқыт ата түркі әлемі кинофестивалі аясында қазақ киносының көрнекті режиссері Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдық мерейтойын атап өтуге қолдау көрсеткен түрік тарапына алғыс білдірді.

«Қазақстан мен Түркияны рухани құндылықтар, мәдени ұқсастықтар мен ортақ тарих байланыстырады. Бауырлас қарым-қатынасымыз мәдениет пен кино өнеріндегі ынтымақтастықтан да айқын көрініс табуда. Қазақстанда түрік киносы мен телехикаяларының аудиториясы өте кең. Оны бүгінгі залдан да байқауға болады. Қазақстандық көрермендер түрік фильмдерін тіпті тұрып көруге де даяр», – деді Аймахан Алтынбай.

Yerli Düşünce қауымдастығының атынан сөз сөйлеген Метин Гүндоғду да қазақстандық көрермендердің түрік киносына деген қызығушылығы мен жылы ықыласына ризашылығын білдірді.

Түрік кинематографистері экологиялық кино өндірісін қолға алған

Түрік киносы күндерінің шымылдығы режиссер Ұғұр Яғджыоғлудың «Diğerkâm» («Өзгелер үшін») қысқаметражды фильмімен ашылды. Фильмнің сценарийін Пынар Яғджыоғлу жазған. Басты рөлдерді Рыза Коджаоғлу мен Илай Эркөк сомдаған.

Аталған туынды қараша айында Түркияның Анталия қаласында өткен БҰҰ-ның климаттың өзгеруі жөніндегі COP31 конференциясында таныстырылған экологиялық тақырыптағы бес фильмнің бірі.

Бирол Гүвеннің айтуынша, бұл жобаның ерекшелігі фильмдердің мазмұнымен ғана емес, оларды түсіру тәсілімен де байланысты.

«COP31 конференциясы аясында кинематография саласына қатысты бірнеше іс-шара өткіздік. Солардың ішіндегі ең маңыздысы бес режиссердің бес экологиялық фильм түсіруі болды. Біз қоршаған ортаға зиян келтірмей кино түсіруге тырыстық. Сол фильмдердің бірін Қазақстанға алып келдік. Бүгін оны сіздермен бірге тамашалаймыз», – деді ол.

Фильмде адамның қоршаған ортамен қарым-қатынасы және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігі мәселелері қозғалады. Түсірілім барысында экологиялық стандарттар сақталып, атмосфераға келетін зиянды барынша азайтуға, бір реттік бұйымдардан бас тартуға, декорациялар мен костюмдерді қайта пайдалануға басымдық берілген.

Астанада «Оскар» сыйлығына ұсынылған түрік фильмі көрсетілді

Кино күндерінің ашылуында режиссер Тунч Давуттың «Kesilmiş Bir Ağaç Gibi» («Кесілген ағаштай») драмасы да көрермен назарына ұсынылды. Картина Түркия атынан 99-шы «Оскар» сыйлығының «Үздік халықаралық фильм» аталымына ресми түрде ұсынылған.

Фильмде Фейяз Думан, Али Ипин және Селен Куртаран басты рөлдерді сомдаған.

Сонымен қатар кино күндерінің бағдарламасына халықаралық кинофестивальдерде жүлде алған туындылар, комедия, романтикалық фильм және балаларға арналған анимациялық картина енгізілген.

Солардың бірі – режиссер әрі продюсер Али Өзельдің «Beklenti» («Үміт») драмасы. Картина XIV Босфор кинофестивалінде «Үздік фильм», «Үздік режиссер», «Үздік актриса» аталымдары бойынша марапатталып, FİYAB ұйымының «Үздік продюсер» сыйлығын иеленген.

Фильмнің оқиғасы Анадолының шалғай ауылдарының бірінде өрбиді. Дәрігер әйелдің мәйіті табылғаннан кейін ауыл тұрғындарының арасында күдік пен үрей күшейіп, түрлі қауесет тарай бастайды.

Астаналықтар қандай фильмдерді тегін тамашалай алады?

Түрік киносы күндері 30 қарашаға дейін жалғасады. Барлық фильм қазақ тіліндегі субтитрлермен көрсетіледі. Киносеанстарға кіру тегін, алдын ала тіркелудің қажеті жоқ.

Алдағы күндердің кино көрсетілімдер кестесі:

Күні мен уақыты

Фильм

Жанры

Жас шектеуі

27 қараша, 18:00

«Beklenti» («Үміт»)

Драма

18+

28 қараша, 20:00

«Mutluyuz Mu?» («Біз бақыттымыз ба?»)

Комедия

6+

29 қараша, 16:00

«Rafadan Tayfa: Kapadokya»

Анимация

Шектеу жоқ

30 қараша, 18:00

«Bak Postacı Geliyor» («Қара, пошташы келе жатыр»)

Романтикалық фильм

6+

Түрік киносы күндері режиссер Юксель Аксудың «Bak Postacı Geliyor» фильмімен қорытындыланады. Картинадағы оқиға 1950 жылдары Эгей теңізінің жағалауындағы шағын қалада өрбиді. Фильм пошташы Османның сүйіктісі Гүлизармен қосылуға деген талпынысын баяндайды. Басты рөлдерді Дениз Барут пен Озан Акбаба сомдаған.