71

Тараздағы арнайы мектептегі қорлық: оқушылардың аналары дабыл қақты

Арнайы мектептен қашып кеткен үш қыз қайта оралған соң қорлық көргендерін мәлімдеді.

Тараздағы арнайы мектептегі қорлық: оқушылардың аналары дабыл қақты
КТК

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Тараздағы арнайы мектептен қашып кеткен үш оқушы қыз қайта оралғаннан кейін мекемедегі қорлық пен бопсалау туралы айтып берді. Ата-аналардың сөзінше, балалар мектептегі «дедовщина» жүйесінен зардап шеккен. Бұл туралы КТК арнасы жазды.

Аналардың айтуынша, жоғары сынып оқушылары кішілерін ұрып-соғып, ақша талап еткен. Зардап шеккен қыздардың бірінің қолына гипс салынса, екіншісінің беті ісіп, денесінде жарақат ізі болған. Олар педагогтардың жағдайдан хабардар болғанымен, ешқандай шара қолданбайтынын, тіпті кейде өздері де қол көтеретінін алға тартты.

Жамбыл облыстық білім басқармасы бұл айыптауларды жоққа шығарып отыр. Басқарма өкілі Еркебұлан Тәткеев бейнебақылау камералары мен медициналық тексеру нәтижелерінде ешқандай зорлық-зомбылық фактілері анықталмағанын мәлімдеді.

Өз кезегінде қоғам белсенділері мекемедегі «өзін-өзі басқару» жүйесі балаларды жазалаудың репрессивті құралына айналғанын айтады. Олардың пікірінше, камералар жоқ бөлмелерде оқушылар бір-біріне қысым көрсетіп келген.

Қазіргі таңда ата-аналардың арызы бойынша полиция қызметкерлері тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сот шешімімен түзету мекемесіне жіберілген 43 жасөспірімнің ісі бақылауға алынды.

Материал авторы