Шу қаласында бұрынғы сүйіктісінен таяқ жеген әйел көз жұмды
Күдікті әйелді ұрып-соққаннан кейін жедел жәрдемді 10 сағаттан соң ғана шақырған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысы Шу қаласында бұрынғы серіктесінен ауыр жарақат алған әйел ауруханада көз жұмды.
1976 жылы туған марқұм 24 қарашада ауыр бас жарақатымен медициналық мекемеге жеткізілген болатын. Оқиғадан кейін комаға түскен әйел есін жимастан қайтыс болды.
Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам әйелді өз үйінде ұрып-соққан. Күдікті жәбірленушінің есінен танып қалғанын біле тұра, жедел жәрдемді тек 10 сағаттан кейін ғана шақырған.
Марқұмның қызының айтуынша, анасы күдіктімен 13 жыл бірге тұрған. Олар өткен жазда ажырасқанымен, әйел ер адамның үйіндегі шаруаларға көмектесу үшін келіп тұрған.
Жамбыл облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. 40 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі таңда тергеу басқармасы оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін кешенді іс-шаралар жүргізіп жатыр. Іс облыстық полиция бастығының жеке бақылауына алынды.
Материал авторы