Юрий Ильинге қатысты тексеріс жүргізілетін болды
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Абай облысындағы алапат өртке байланысты қызметінен босатылған Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильиннің жұмысы тексерілуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлады smartnews.kz сайты.
Марат Ахметжанов Бас прокуратура 14 адамның қазасына алып келген ормандағы өртке қатысты тергеу жүргізіп жатқанын атап өтті.
Өрт қойылуы мүмкін деген нұсқа бар. Істі арнайы прокурорлар өндіріске алды. Мұнда ІІМ қызметкерлері бар. Тергеудің қалай жүргізілетінін көрейік. (Істе) немқұрайлылық, найзағай соқты деген нұсқалар бар. Сараптама мен іздестіру іс-шаралары жүргізіледі. Тергеуге 2 ай уақыт берілді, - деді Марат Ахметжанов Үкімет отырысынан соң.
Сондай-ақ журналистер министрге «Экс-министр Юрий Ильинге қатысты іс қозғала ма немесе тексеру жүргізіле ме?» деп сұрақ қойды.
«Президент Бас прокурорға тапсырма берді. Оның шеңберінде тексеру жүргізіледі. Өрт төтенше жағдай болып саналады. Адамдар қаза тапты. Сондықтан қылмыстық іс аясында тексеру жүргізіледі. Неге уақытында шара қолданылмады? Немқұрайлылық, қызметтік міндеттер орындалмаған шығар», - деді Марат Ахметжанов.