Елордамыздағы «Астана Опера» театрының Үлкен залында «Опералия» халықаралық музыка фестивалінің салтанатты ашылуы болды. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған фестиваль 16 шілдеге дейін жалғаспақ.
Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз орталығының берген мәлімдемесіне сәйкес, Бағдарламада опера және балет қойылымдары, сондай – ақ танымал отандық және шетелдік артистердің қатысуымен симфониялық, камералық және ұлттық музыка концерттері өтеді. Сондай-ақ Опералияның ашылу күнінде чех хореографы Джири Килианның «Алты би», «Құлаған періштелер» және «Кішкентай өлім» қойылымдары көрермен назарына ұсынылған. Одан бөлек, «Астана Балет» театрының әртістері мен «Астана Опера» театрының балет труппасы өнер көрсеткен.
Аталған фестивальге қатысты Мәдениет комитетінің төрағасы Арман Жүдебаев мынадай пікір білдірді:
- Биыл фестиваль үлкен ауқымға ие болды. «Опералияның» мақсаты - қазақстандықтарды әртүрлі елдердің танымал артистерімен және ұжымдарымен таныстыру, өзара мәдени байланыстарды нығайту. Мұндай деңгейдегі орындаушыларды көрермен қауым күн сайын көре бермейді, сондықтан бұл жоғары өнер мерекесі елордамыздың мәдени өміріндегі жарқын оқиғаға айналатынына күмән жоқ, — дейді.
Опералия - 20 жылдық тарихы бар ауқымды халықаралық фестиваль. Биыл Астанада Италия, Оңтүстік Корея, Германия және тағы да басқа таяу және алыс шетелдерді қоса алғанда, әлемнің 12 елінен артистер мен дирижерлер жиналады деп жоспарланып отыр.