Павлодарда серіктестіктің қаражатын жымқыру әрекеті анықталды
«Самұрық-Қазына» қорына капиталының 50%-ы тиесілі көмір өндіру кәсіпорнындағы жымқыру схемасын ҚМА Павлодар облысы бойынша департаменті «Богатырь-Көмір» ЖШС-мен бірлесіп анықтады. Бұл туралы smartnews.kz сайты хабарлайды.
Қаржы мониторинг агенттігінің сөзінше, күдікті 2020-2022 жылдар аралығында «Богатырь-Көмір» ЖШС қабылдау комиссиясымен алдын ала сөз байласу арқылы жүйелі түрде қаражатын жымқырып отырған.
Схема жалпы сомасы 830 млн теңгені құрайтын жаңа бөлшектердің орнына айтарлықтай тозған пайдаланылған қосалқы бөлшектерді жеткізуден тұрды.
Бұл әрекеттер мемлекетке аса ірі көлемде материалдық залал келтірген. Күдіктіге қатысты сот «үйқамақ» түріндегі бұлтартпау шарасын қолданады.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқандықтан, өзге де ақпараттар жария етілмейді.