Үкімет нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес үшін 53,1 млрд теңге ақша бөлмек
Бүгін Үкімет Қаулысымен ҚР-ның нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Бұл туралы smartnews.kz сайты хабарлайды.
Елімізде синтетикалық заттарды жасырын өндіру жағдайлары жиі анықталып жатыр. Апиынды, оның ішінде Ауғанстаннан «Солтүстік бағыт» деп аталатын транзит арқылы тасымал, каннабис тобының есірткі заттарының айналымы, сондай-ақ «дәріхана» нашақорлығы өзекті проблемалар болып отыр. Сол үшін кешенді жоспарды орындап, соның нәтижесінде 2025 жылға қарай есірткі тұтынушылардың санын азайту, есірткіге тәуелділіктен ұзақ мерзімді ремиссиясы бар кәмелетке толмағандар санын 15%-дан 20%-ға дейін арттыру, сондай-ақ есірткі тұтынушыларды 26%-дан 30%-ға дейін медициналық-әлеуметтік оңалтумен қамту жолға қойылып отыр.
Ведомство ұсынған құжатта мына нәрселер баса назарға алып көзделген:
- заңнамалық және нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру,
- заманауи есірткі бизнесінің жаңа сын-қатерлері мен қауіп-қатерлеріне қарсы тұрудың тиімділігін арттыру,
- халықаралық ынтымақтастықты нығайту мен кеңейту,
- қазақстандық қоғамда нашақорлық деңгейін төмендетуді көздейді.
"Сондай-ақ жоспар бойынша нашақорлықтың алдын алу, емдеу, нашақорларды оңалту жүйелерін жетілдіруге, сондай-ақ ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға баса назар бөлінеді. Бұдан бөлек, жаңа синтетикалық препараттарды, сондай-ақ азаматтарды медициналық куәландыру аясында алынатын қан үлгілері мен басқа да биоматериалдарды зерттеуді жеделдету үшін сот сараптама органдарының материалдық-техникалық базасы нығайтылады", - делінген ведомство хабарында.
Аталған кешенді жоспардағы шараларды жүзеге асыру үшін бюджет есебінен 53,1 млрд теңге бөлу қарастырылған.