Қазақстандағы букмекерлік кеңселер саны азайып келеді
Соңғы 2,5 жылда Қазақстанда букмекерлік кеңселер саны екі есеге азайған. Бұл туралы smartnews.kz сайты хабарлайды.
Егер 2021 жылдың басында елімізде 38 букмекерлік кеңсе болса, бүгінде олардың саны - 16, ал іс жүзінде жұмыс істейтіндерінің саны – 12.
Мәдениет және спорт министрлігі түсіндіру жұмыстары арқылы және сот тәртібімен букмекерлік кеңселердің санын азайту бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Мәселен, соңғы 3 жылда букмекерлік кеңселер 15 лицензияны өз еркімен ведомствоға тапсырған.
Ал осы жылдың басынан сот шешімімен 5 букмекерлік кеңсе жабылып, олардың жұмысы қолданыстағы заңнама нормаларына сәйкес келмеген. Қазіргі уақытта тағы 3 букмекерлік кеңсеге қатысты лицензиялардың күшін жою жұмысы жүріп жатыр.
ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев бұл іске қатысты пікір білдірді:
«Мәдениет және спорт министрлігі букмекерлік кеңселер мен ойын бизнесінің басқа да нысандарының заң нормаларын сақтауын мұқият қадағалайды. Мәселен, 2023 жылдың басынан министрлік сот тәртібімен ойын бизнесі саласындағы 7 лицензияның қолданылуын тоқтатты. Осыған ұқсас тағы 7 ұйымға қатысты жұмыс атқарылып жатыр. Сондай-ақ интернетте де мониторинг жүргізіледі. Биыл 3670 заңсыз онлайн-казино бұғатталды»,- дейді вице-министр.
Сондай-ақ ведомство берген ақпаратқа сәйкес, Қазақстандағы ойын бизнесі субъектілерінің жалпы саны да кеміп жатыр. Соңғы 5 жылда олар 2,5 есе азайды. Егер 2018 жылы 97 болса, биыл олардың саны 38 бірлікті құрайды делінген.