929

Жұмыстан қысқартылған маңғыстаулықтар Президентке араша түсуді сұрап отыр

Маңғыстаудағы «TOTAL E & P Dunga» компаниясында жұмыстан қысқарған мұнайшылар Тоқаевтың көмегіне жүгініп жатыр. Бұл туралы smartnews.kz сайты хабарлайды.

Жұмыстан қысқартылған маңғыстаулықтар Президентке араша түсуді сұрап отыр
lada.kz

Lada.kz сайтының хабарынша, Маңғыстау облысы Түпқараған ауданындағы «TOTAL E & P Dunga» компаниясының бір топ мұнайшысы әділдік сұрап видеоүндеу жариялаған. Бұрын Францияның TOTAL компаниясына тиесілі болған кен орнының жұмысшылары жұмыстан қысқартылып жатыр. Сондықтан жұмысшылар ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан, премьер-министр Әлихан Смайыловтан, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтан және облыс прокуроры Руфат Құттықовтан көмек сұрады.

"Жаңа жерде жұмыс болатынына кепілдік жоқ болғандықтан осында қалғымыз келеді. Жиналыс өткізіп, қысқарту себебін көрсету керек. Әйтпесе жұмысшылардың құқығы бұзылды деген сөз", - дейді мұнайшылар видеоүндеуінде.

 
 
Жұмысшылар «TOTAL E & P Dunga» компаниясы тікелей келісімшарт жасаған қызметкерлерді қысқартып жатқанын жеткізді. Мұнайшылардың айтуынша, қазірдің өзінде 10 адам қысқарту туралы хабарлама алған. Жұмысшылар компания басшылығы оларды мердігер ұйымға ауыстыруды көздеп отырғанын мәлімдеді.
 
Тәулігіне 7,4 мың баррельге жуық мұнай өндіретін "Доңға" мұнай-газ кен орны Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында орналасқан.
 
Мұнайшылардың наразылығы "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басшысы Мағзұм Мырзағалиевтің Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен тұспа-тұс келіп отыр. Бір күн бұрын ол "Өзенмұнайгаз" мердігер ұйымдарының өкілдерімен кездесіп, қызмет көрсету және жөндеу ұйымдарының жұмысшылары жұмыс істейтін әлеуметтік жағдайлар талқылаған болатын.