Қаза тапқан шахтерлердің отбасына қандай көмек көрсетіледі
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов «Қазақстан» шахтасындағы апат кезінде қаза тапқан шахтерлердің отбасына қандай көмек көрсетілетінін айтты, деп хабарлайды smartnews.kz сайты.
«Бұл мекемеде жұмысшы мен жұмыс берушінің арасындағы 2022-2024 жылдарға арналған ұжымдық еңбек шарты бар. Сол ұжымдық еңбек шарты аясында қайтыс болған адамдарға 10 жылдық жалақысы төленеді. Қайғылы жағдайда қайтыс болған адамдардың отбасына пәтер алып беріледі, балаларының оқуға түсуіне жағдай жасалады», - деді ол Қарағанды өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы брифингте.
Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта ауруханада жатқан шахтерлерге де көмек көрсетіледі.
«Оларға сырқаттануына байланысты жәрдемақы, емделуіне байланысты шығындары 100 пайыз төленеді. Егер емделмей мүгедек болып қалса, онда әлеуметтік көмек көрсетіледі», - деді Төлеген Оспанқұлов.