Павлодарда балаларға арналған тегін бассейн ашылды
Солтүстік өңірде балалардың еркін демалысына арнап тегін бассейн ашылды. Бұл туралы smartnews.kz сайты өңірдің pavlodarnews.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасай отыра хабарлайды.
Су үнемі ағып кетіп отыратындықтан, келушілерге медициналық анықтама қажет емес, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жылытылатын бассейн 50 адамға арналған. Шомылу уақыты – бір сағат. Бұдан кейін келесі 50 адам кіре алады.
Балалар кешен аумағына ата-аналарының сүйемелдеуімен кіреді. Бассейнде жүзу нұсқаушысы және құтқарушы жұмыс істейді.
– Ертіс өзенінде балаларға қоршау қойылған, бірақ бұл қоршау қауіпсіздікке үнемі кепілдік бермейді, – деді бассейннің ашылуына келген Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов. – Сондықтан кішкентай тұрғындардың жүзуі үшін қауіпсіз орын – бассейн ұйымдастырдық.
Кешен шомылу маусымы аяқталғанға дейін жұмысын жалғастырады. Жұмыс уақыты күн сайын – сағат 9:00-ден 20: 00-ге дейін.