Елорданың қоғамдық көліктерінде жол ақысын төлеудің жаңа тәсілдері енеді
Елорданың қоғамдық көліктерінде жол ақысын төлеудің жаңа тәсілдерін енгізу кезінде барлық бағыттардағы автобустарда валидаторлар жоспарлы түрде ауыстырылады. Бұл туралы толығырақ smartnews.kz сайты хабарлайды.
Енді QR-код және «Transcard» көлік картасы арқылы төлем түрлеріне қосымша NFC технологиясы және Bluetooth арнасы, екінші деңгейдегі банктердің картасымен төлеу мүмкіндігі болады.
Төлемдердің жаңа арналары бірте-бірте енгізіледі.
NFC арқылы төлем жасау үшін телефонды немесе смарт сағатты тікелей валидаторға тигізу керек болады. Валидатордың қауіпсіздігі дүкендердегі POS-терминалдардан еш айырмашылығы жоқ.
Bluetooth арнасымен төлеу «Avtobys» мобильді қосымшасы арқылы іске асырылады. Бұл виртуалды төлем әдісі мобильді қосымшадағы жеке шоттың балансынан ақы алу арқылы жүргізіледі. «Avtobys» мобильді қосымшасын App Store, Google Play, AppGallery жүктеп алуға болады.
Банк картасымен төлем Қазақстанның барлық екінші деңгейдегі банктерінің банк карталарымен жасалады.