Egov атынан жүргізуші куәлігін жасап сатпақ болған азамат сотталды
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты ақпараттық жүйелерді қолданушыларды алдап, бірнеше рет алаяқтық жасаған азаматқа қатысты үкім шығарды. Бұл туралы smartnews.kz сайты хабарлайды.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының дерегінше, М. 2021 жылдың желтоқсанында Instagram қосымшасында «egov_kz» деген логинмен емтихан тапсырусыз жүргізуші куәлігін дайындау мүмкіндігі туралы хабарландыру жариялаған.
2021 жылғы желтоқсан мен 2022 жылғы сәуір айы аралығында жүргізуші куәлігін сатып алуға шешім қабылдаған 19 азамат М.-ге 10 мыңнан 150 мың теңгеге дейінгі сома мөлшерінде ақшалай қаражат аударған. Ал М. ұрланған қаражатты өз қалауы бойынша пайдаланған.
Сотталушының кінәсі жәбірленушілердің айғақтарымен, «WhatsApp» қосымшасындағы хат-хабарлармен, банктік түбіртектермен және қылмыстық іс бойынша басқа да материалдармен дәлелденген.
- Сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәні мойындауын, шын жүректен өкінуін, жас баласының болуын және келтірілген залалды ерікті түрде ішінара өтеуін таныды. Сотта ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сот үкімімен М. ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 4) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Жәбірленушілер, сотталушы және прокурор сот үкіміне шағымданбады, - делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енді.