Орал қаласында медициналық мекемеге 2,7 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің ақпараты бойынша, «Батыс Қазақстан облысы Денсаулық сақтау басқармасының Облыстық кардиологиялық орталығы» КМК қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды.
Кәсіпорын тексеруден өтпеген медициналық жабдықты: электролиттік анализаторды, психрометриялық ВИТ-2 гигрометрін, дефибриляторларды, Автоматты гематологиялық анализаторларды, қарқынды терапияға арналған өкпені жасанды желдету аппараттарын қолдануға рұқсат берді. Айта кету керек, мұндай сенімді емес медициналық өлшеу құралдарын қолдану аурулардың дұрыс емес диагнозына және медициналық қызметтердің сапасыз көрсетілуіне әкелуі мүмкін.
Әкімшілік хаттаманы жасауға ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінен келіп түскен материалдар негіз болды.
Қысқартылған іс жүргізу құқығын пайдалану, бұзушылық фактісін тану, 50% мөлшерінде айыппұл төлеуге келісу және шағымдану ниетінің болмауына байланысты мекеме жеті тәулік ішінде 2,7 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік айыппұл төледі.