Ауғанстандағы жер сілкінісінің кесірінен 2053 адам қаза тапты
Ауғанстанның солтүстік-батысындағы Герат провинциясындағы жер сілкінісі кезінде 2053-тен астам адам қаза тауып, тағы 9240 адам жарақат алды. Бұл туралы smartnews.kz сайты aa.com.tr сілтеме жасап хабарлайды.
Сілкініс жайында "Талибан" қозғалысының Уақытша Үкіметі жанындағы Апаттар министрлігінің өкілі Мулла Жанан Саик хабарлады.
Оның айтуынша, ең көп зардап шеккендер Зиндека ауданының 13 ауылында. Ол жер сілкінісі салдарынан 1320 үй қирағанын хабарлады.
АҚШ Геологиялық қызметінің (USGS) мәліметтері бойынша, Гератта жер сілкінісі 7 қазанда жергілікті уақыт бойынша сағат 11:00 шамасында 8 минуттық интервалмен болған. Жер асты дүмпулерінің магнитудасы 4,6-дан 6,3 баллға дейін болды.
Материал авторы
Дана Асылбекқызы
Тілші