Израиль мен Газа секторында қанша қазақстандық азамат бар екені белгілі болды
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Газа секторында қанша қазақстандық бар екенін айтты. Оның айтуынша, мұнда палестиналықтарға күйеуге шыққан қазақстандық әйелдер бар.
Бұл туралы ол СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында хабарлады.
"Иорданиядағы Қазақстан елшілігінің ақпаратына сәйкес, Газа секторында 25-ке жуық отбасында қазақстандық адам тұрады. Бұл негізінен – Палестина азаматтарымен отауласқан қазақстандық әйелдер. Израильдің операция жоспарларына, сондай-ақ жүргізіліп жатқан бомбалауына байланысты кейбір отбасылар қауіпсіз орын іздеп жүр”, – деді Смадияров.
Ол, сондай-ақ, бүгінгі таңда Қазақстан елшілігінің Израильдегі консулдық есебінде 77 адам, оның ішінде елшілік қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері бар екенін айтты. Израильдің жоғары оқу орындарында қазақстандық бес студент оқиды, сондай-ақ 30-ға жуық қазақстандық Израильдің әртүрлі медициналық мекемелерінде тағылымдамадан өтіп жүр.