Министр қаза тапқан кеншілердің толық тізімі қашан жарияланатынын айтты
Төтенше жағдай министрі Сырым Шәріпханов Констенко атындағы шахтада қаза тапқан кеншілердің тізімі қашан жарияланатынын айтты
Қазір шахтадағы апаттан қаза тапқан 40 кеншінің жеке басы анықталған, қалған 6 кеншінің кім екенін анықтау үшін ДНҚ сараптамасы жүргізіліп жатыр.
Қазір қаза тапқан 6 кеншінің кім екенін анықтап жатырмыз. ДНҚ сараптамасын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Осыдан кейін (қаза тапқан кеншілердің тізімі туралы) айтуға болады. Бұл жұмыс 3-4 күнді талап етеді, - деді министр.
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова марқұм болған кеншілердің қанша жалақы алып келгенін айтты.
Біз (қаза тапқан кеншілердің) жалақысын «Отбасының цифрлық» картасынан қарадық. Олардың еңбекақысы 300 мың теңгеден 1 млн 600 мың теңгеге дейін болған. Оның ішінде жастар да бар. Жұмысқа енді тұрғандары бар. Сондықтан кеншілердің жалақысында үлкен алшақтық бар, - деді ол.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың дерегінше, шахтадағы апаттан зардап шеккен 27 кенші ауруханада ем алып жатыр. Олардың бірінің жағдайы ауыр.