Қазір дүниежүзінің барлық дерлік елдерінде әскери әлеуетті күшейту үрдісі жүріп жатыр. Ол түсінікті де. Себебі жер-жаһанның қай жерін алып қарасаңыз да геосаяси ахуал мәз емес. Сақтықта қорлық жоқ деген даналық сөзді басшылыққа алған елдер ың-шыңсыз әрекетке көшіп, қорғаныстарын бекемдеуге көшкен. Барлық билеушілер жау қай жағымнан келіп қалады деп елеңдеп отыр десе де болады. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалатып мамыражай отырған ел бүгінде жоқ. Адамзаттың өзі екі үлкен лагерге бөлініп тұрғандай. Ал әлемдегі бұл жағдай қашан сіз-біз дескен сыйластыққа иек артары белгісіз.
Қазақстан да шама келгенше әскерді күшейтуге әрекет етіп жатыр. Биылғы жылдың басында әскерге тиесілі қаражат айтарлықтай арттырылғаны есімізде. Сол сияқты, резервтегі әскери қызмет деген түсініктің қоғамға енгізілгеніне екі жылдан асты. Заңнамалық актілерге резервтік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болды, осының заң жобасы әзірленіп жатыр деген сөз 2021 жылдың шілде айында айтылған. Мұндай заңның жолы ауырлап, осы күнге дейін сөзбұйдаға салынып келген болса керек. Заң жобасы араға уақыт салып ақыры Парламент Мәжілісіне келіп түсті.
Заң жобасының жолы ауырлайтындай себебі бар еді. Өйткені ол басында заң жобалау жұмыстары жөніндегі ведомствоаралық комитетке қарап шығу үшін әзірленді. Ведомствоаралық комитет мақұлданғаннан кейін, заң жобасы мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға келісу үшін жолданды. Содан кейін танысу үшін Үкіметке жолданды. Осы баспалдақтар көп уақыт алған сияқты. Парламент Мәжілісінің талқысына жолданған заң жобасы бүгін, яғни 15-қарашада қаралатын болған.
Резервтегі әскери қызмет Қазақстан армиясына қосымша күш мақсатында ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар резервшілер төтенше жағдайлар бола қалған жағдайда оның зардаптарын жою жұмысына да қатыстырылады. Резервтегі әскери қызмет баршаға бірдей міндетті емес. Оған бұрын әскери қызметті атқарған азаматтар ерікті түрде барады. Әскери қызметті атқармағандар да баруына болады. Ондай азаматтарға автомат пен пулеметтен оқ жаудыру үйретіледі. Резервтегі қызметке қыз-келіншектер де ерікті түрде бара алады екен. Бірақ олар әскерилер санатына енгізілмейді, резервте әскери міндетке жатпайтын қызметтерді атқарады. 45 жасқа дейінгі қыз-келіншектер қабылданады. Резервтегі әскери қызметке офицерлер 60 жасқа дейін, ал қатардағы жауынгерлер мен сержанттар 50 жасқа дейін қабылданады. Баратындар алдын ала дәрігерлердің тексеруінен өткізіледі.
Заң жобасында резервтегі әскери қызметті әр азамат жылына 60 күн атқаратыны көрсетілген. Яғни бір рет үздіксіз 30 күн және әр айда екі-үш күннен қызмет етіп отырады. Барғандар жиындар мен жаттығуларда әскери қызметке машықтандырылады, қажет жағдайда әскери мамандық алады. Әр резервшіге қару-жарақ пен техника бекітіліп беріледі және әскери формасы мен өзге жабдықтары сақтаулы тұрады. Келісім-шарт үш жылға түзіледі.
Резервтегі қызметке қатысушыларға бюджеттен жалақы төленеді, жұмыс орнындағы жалақысы да сақталады, әрі әлеуметтік пакет қарастырылған. Жұмыссыз азаматтар үшін де мұндай қызметке жол ашық. Резервтегі әскери қызметке әркім өзінің тұрып жатқан өңіріне барады.
Бұл іс Қорғаныс министрлігінің аясында ұйымдастырылып жатыр. Жекеменшік әскери құрылымдарға біздің елімізде заңмен тыйым салынған. Ал елімізге сырттан қатер төне қалған жағдайда резервшілер шақырусыз-ақ өз полкына немесе батальонына жетіп, әскери міндетін орындауға тікелей кірісіп кетеді.
Бұл өзі қорғаныс ісіндегі қызметтердің жаңаша түрі болса керек. Әдепкіде 2 мыңдай адам резервші атануы тиіс. Ары қарай қажеттілікке байланысты олардың саны ұлғайтылады деп жатыр. Басында түсіндірілгенде резервтік әскери қызметке азаматтарды үндеу және еріктілерді жинау 2024 жылдың екінші жартысында басталады деген еді. Парламент Мәжілісіне ұсынылған жобада резервшілердің қызметі 2025 жылы басталады делінген сияқты.
Мұндай тәжірибені бүгінде өзге елдерде де еңсеруде екен. Өзімізбен ауылы аралас, қойы қоралас көрші мемлекеттер де резервтегі әскери қызмет тәртібін енгізіп жатқан көрінеді.
Ел қорғау бабалардан қалған асыл қасиет. Бұған әр азамат байсалдылықпен әрі үлкен жауапкершілікпен қарайтыны сөзсіз. Ендеше әске сәт! Қазақстан қорғанысының қуаты арта берсін!