Алматы облысының тұрғыны жаңа туған сәбиін әлеуметтік желі арқылы сатпақ болған
Алматы облысының тұрғыны жаңа туған сәбиін интернет арқылы сатпақ болған.
Бұл туралы ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетов мәлімдеді.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының хабарлауынша, 24 жастағы облыс тұрғыны баласы жоқ ерлі-зайыптылармен кездесіп, нәрестені сатуға келісімін берген.
"Тексеріс барысында жүктілігі жеті айлық 24 жастағы облыс тұрғыны әлеуметтік желіде баласын сататыны туралы хабарландыру жариялаған. Ол баласы жоқ ерлі-зайыптылармен байланысып, кездескеннен кейін баланы сатуға келісімін берген. Қазан айында тараптар арасында жаңа туған нәрестені асырап алу мақсатында заңсыз сату-сатып алу жүргізілген", - делінген хабарламада.
Аталған факті қылмыстық кодекстің "Кәмелетке толмағандарды саудалау" бабы бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.