767

Қазақстан алдағы жылдары Нью-Йорк пен Токиоға тікелей әуе қатынасын ашады

2024-2025 жылдары Қазақстаннан Нью-Йорк, Мумбай, Токио, Сингапур және Шанхайға тікелей әуе рейстері ашылады. Бұл туралы orda.kz хабарлап отыр.

Қазақстан алдағы жылдары Нью-Йорк пен Токиоға тікелей әуе қатынасын ашады
canva.com

Бұл туралы Үкімет отырысында Көлік министрі Марат Қарабаев мәлімдеді. Ол бүгінде елімізде 28 елмен 110 бағытқа (аптасына 567 рейс) рейс бар екенін атап өтті. Ал соңғы екі жылда Милан, Доха, Абу-Даби, Кувейт және басқа да қалаларға 32 халықаралық әуе жолы ашылды.

«Алдағы 2024-2025 жылдары Мумбай, Токио, Сингапур, Шанхай және Нью-Йорк қалаларына әуе рейстері ашылады. Биыл алты шетелдік авиакомпанияға Қазақстанға ұшуға рұқсат берілді. Сонымен қатар, «ашық аспан» режиміне түзетулер енгізіліп, «ауа еркіндігінің» бесінші дәрежесін пайдалануға қатысты барлық шектеулер алынып тасталды»,- деді Қарабаев.

2024 жылдың 14 наурызынан бастап Азияның ірі  әуе компаниясы Air Asia Алматы-Куала-Лумпур бағыты бойынша рейстерді жүзеге асыра бастайды және болашақта «ауа еркіндігінің» бесінші дәрежесін пайдалана отырып, Жидда қаласына ұшуды жоспарлап отыр.

Мұның бәрі, министрдің айтуынша, нарықтағы бәсекелестікті арттырып, билеттер қолжетімділігін шешеді.