10 мың сарбаздың 3 миллиард 475 миллион теңге банк несиесіне – үзіліс

22.12.2023, 12:13
855
10 мың сарбаздың 3 миллиард 475 миллион теңге банк несиесіне – үзіліс smartnews.kz

Қазіргі таңда банктен несиені тек бүлдіршіндер мен мектеп оқушылары ғана ала алмаса керек. Кәсіпкерлерді айтпағанда, халықтың өзге әлеуметтік топтарына жататындардың бәріне, жұмыс істейтіндерге де, істемейтіндерге де, тіпті мүгедектер мен зейнеткерлерге де банктің есігі ашық. Бұл туралы smartnews.kz сайты хабарлап отыр.

Тұтынушылық несие деген оңды-солды беріледі. Халық та несие десе алды-артына қарамай шаба беретін болған. Кейінгісі жан нәсіп деп, той өткізсе де, құда шақырса да, өлім-жітім болса да, алысқа жолға шықса да, үй, қора-қопсы салса да, пәтерге үлескер болса да, мәшине алса да, киім-кешек алса да, баласын ақылы мектепке берсе де, емделсе де, желілік маркетингтің сиқырына алданса да, алаяққа арбалса да адамдар банктің есігіне кіретін болды. Несиесі жоқ адам елімізде некен-саяқ. 

Тап осы күні 8 миллиондай адамның мойнында 15 триллион теңгеден астам несие бар екен. 1-желтоқсан күнгі мәліметте соның 1,5 миллионнан астамы несиесін уақыты төлеуге шамасы келмей шиқылдап жүргені келтірілген. Ал төлемей бой тасалап жүргендер қаншама! Олардың бәрі екінші деңгейлі банктен тұтынушылық несие алған немесе шағын қаржы ұйымдарынан экспресс-несие алған. 90 күн төленбеген несие мәселесі қиын қарыз санатына жатқызылып, оны өндіру коллекторлық компанияларға өткізіледі. Сөйтіп, басы сергелдеңге түсіп жүрген адам көп. Шағын қаржы ұйымдарының несиесі тәуліктеп өсетіні тағы бар.

Басына несие рәсімдегендердің ішінде қылшылдаған жастар көп. Солардың арасында әне-міне дегенше әскерге шақырылғандар да аз емес. Олар Отан алдындағы борышын өтеудің мерзімдік қызметіне мойнындағы несиесімен бірге кетіп жатыр. Ал әскерге кеткен адам жалақы таппайтыны белгілі. Сонда несиесін үйде қалған ата-анасы, бауырлары немесе келіншегі мәжбүрлі түрде төлеуіне тура келеді. Шыны керек, бұл әділдікке жатпайды. Ештен кеш жақсы демекші, бұл проблема осы күні шешіле бастапты. Қорғаныс министрлігі мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған екен. Соның арқасында мерзімдік әскери қызметке алынғандар үшін банк немесе өзге қаржы ұйымдарының несиесін өтеу уақытын кейінге ысырудың механизмі жасалыпты. Яғни сарбаз басындағы банк несиесін төлеуді әскери қызметтен босаған соң жалғастырады. Оған дейін несиелік үзіліс беріледі.

Әп дегеннен 5 мыңнан астам сарбазға өтініш жаздырып, банктегі несиесін төлеулері кейінге қалдырылды. Сол 5 мыңдай сарбаздың банкке берешегі 1 миллиард 875 миллион теңге екен. Бұдан бөлек тағы 5 мың сарбаздың өтініші қаралу үстінде. Кейінгі 5 мың сарбаздың берешегі 1 миллиард 600 миллион теңге. Бәрін қоса алғанда 10 мың сарбаздың 3 миллиард 475 миллион теңге берешегіне үзіліс жарияланып отыр. Әрине, бұл да болса жеңілдік. Егер олай етпесе, әскердегі ұлдарының несиесін ауылдарда қалған ата-анасы мен бауырлары төлеуіне тура келеді. Бұл шара әскерге жаңадан алынғандарға тиесілі болса керек. Әйтпесе Қазақстан Қарулы күштері үшін 10 мың сарбаз деген түк те емес.

Бұл бастама меморандум аясында ғана жүзеге асып жатыр. Негізінен заң жүзінде бекітуді талап ететін жұмыс деп жатыр. Сол себепті қазір заң жобасы Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынылды. Сарбаздарды әлеуметтік қолдау шараларын заң тұрғысында реттеу мақсатында «Әскери қызмет және әскери қызметшінің мәртебесі туралы» Заңына жаңа бап енгізілуі мүмкін. Болашақ заң тек сарбаздарға ғана емес, әскери уақытша жиынға шақырылған несиесі бар азаматтарға да жүретін болады.  Қорғаныс министрлігі тарапынан «Банктер және банк қызметі туралы» Заңның 34-ші бабына және «Микроқаржылық қызметі туралы» Заңының 7-ші бабының 2-ші тармағына толықтырулар енгізу жөніндегі ұсыныстар да бар.

Мұндай үрдіс алдымен «Шығыс» Ұлттық гвардиясының аумақтық командованиесінің 5518 әскери бөлімінде басталған еді.  Өскемендегі банк бөлімшелерінде сарбаздардың несие өтеуін шегеру ұйымдастырылған. Қызметке жаңадан келген 100 сарбазға өтініш жаздырып, несие өтеуіне үзіліс рәсімдеген.

Міне, осылайша Отан қорғаушы сарбаздардың банк несиесіне алаңдамай, өз борыштарын мінсіз атқаруына жағдай жасалып жатыр.

Жалпы, банк несиелеріне қатысты тағы бір жаңалық – азаматтарға банк несиесінен ерікті түрде бас тартуға мүмкіндік беретін заңға жақында президент қол қойды. Бұл заңның мақсаты – азаматтарды банк алаяқтарынан қорғау. Бұл жерде азаматтардың өз еріктері бойынша «Электронды үкімет» арқылы несие алу мүмкіндіктері бұғатталады. Банк несиесінен формалды түрде бас тарту деген осы. Ондай жағдайда адамның электронды базасы мен банк деректеріне сырт адамдар, яғни кибералаяқтар ене алмайды. Бұл жүйе бөтен адамның сіздің атыңыздан астыртын түрде банктік қарыздар мен шағын несиелер алуына жол бермейді. Азаматтар өзінің дербес деректері пайдаланылған барлық операция туралы жеке кабинетіндегі хабарламалардан немесе смс арқылы біледі.

«Сағаты – 100 миллион теңге»: Тұрсен Алагөзовтің бір күндік образы белгілі болды «Алматының түндері-ай»: Қайрат Нұртас орындайтын әннің авторы туындының қалай хитке айналғанын айтты Шалыс басқан жастарға жазаны жеңілдету ұсынылды Украинада 300-ге жуық қазақстандық болуы мүмкін Шымкент әкімі де футболға бөлінетін қаржыны қысқартатын болды АҚШ түшкірсе, Ресей тұмаурата ма: Жаңа санкциялар қандай? «Ота кезінде көп қан кеткен»: Семейлік ана 13 жасар ұлының өліміне дәрігерлерді кінәлайды Украина мен НАТО шұғыл кеңес өткізеді «Балғамен ұрып өлтірмек болды»: ер адам әйелінің жұмысына келіп, оны ұрып өлтірмек болған (ВИДЕО) Мұнайшылар ереуілі: Жұмыскерлерге қысым көрсетіліп жатқаны рас па? Жаңа жылда 4 қаңтарға дейін демалыс болмақ eGov қосымшасы арқылы қазақстандықтардың несие тарихы қадағаланады Елімізде банан емес, адам саудасы «қызып» тұр Журналист Гүлмира Әбіқай елден ақша жинайтын тағы бір қайырымдылық қорының былығын ашты Бокстан Азия чемпионатында ел намысын кімдер қорғайды? Нұрбике Нұрқаділова өмірден өтті: Заманбек Нұрқаділовтің бірінші жары соңғы сұхбатында қандай шындықты айтып кетті? Майқайыңдағы масқара: Ағасы мен қарындасы зорланған «Зорлады» деп жалған арыз жазатын нәзік жандылар азаймай тұр «Бейбітшілікті қалайтындарға түкіргені бар»: Зеленский Путиннің мәлімдемесіне жауап қатты Путин Украинаға атқылаған «Орешник» зымыраны сәтті сыналғанына сүйінші сұрады