Шел елдерде Қазақстанға мадақ айтатын жалған мақалалар өріп жүр

09.01.2024, 13:14
636
Шел елдерде Қазақстанға мадақ айтатын жалған мақалалар өріп жүр canva.com

Қазақстан сияқты жас, тәуелсіз елдерге имидж үшін қыруар жұмыс жүргізу тән. Бұл туралы smartnews.kz сайты хабарлап отыр.

Имидж дегеніміз – әлемге жақсы жағынан көрінудің кез-келген мүмкіндіктерін құр жібермеу, барынша таныла беруге тырысу. Ал бұл жұмыс қыруар қаржымен жүзеге асырылады.

Бүкіл тәуелсіздік жылдарында Қазақстан билігі өзін жарнамалап келеді. Оның жемісі де жоқ емес. Әлемнің алдында жақсы имиджіміз қалыптасты. Қаржы жұмсалды демесек, есесіне мұның әсерімен шет ел инвестициясы ағылып келіп жататын болса керек. Кейде имиджді бұзатын оқиғалар мен көріністер де болып тұрады. Мысалы, қоғам мен билік арасындағы алакөздіктің ашық көріністері және мұндағы текетірес әрекеттері, саяси тұрақсыздық табының байқалуы, сөз бостандығы мен демократияға қиянат жасалуы,  құқықтың шектелуі деген сияқты жағымсыз нәрселердің қылаң беруі имиджге әсер етпей тұрмайды. Дегенмен имидж үшін жүргізілген жұмыстың ауқымы үлкендігі сонша, оның тасасында қоғамдағы жағымсыз көріністер жуылып-шайылып кетіп жатады. Яғни әлем тез ұмытып кетеді. Өйткені жақсы жағымызды көрсету таразы басады. Бұл қалай болады дегенге келсек, біріншіден, имиджді жандандырып отыру үшін жылына ондаған миллион доллар бюджет қаржысы жұмсалып отырады. Өз еліміздің ішінде өткізілетін қыруар халықаралық жиындарды айтпағанның өзінде шет елдерде түрлі іс-шаралар жыл бойына үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Кездесулер, концерттер, тұсаукесерлер жасалады, телехабарлар, мақалалар, сұхбаттар, жарнамалар  ұйымдастырылады, кітаптар басылады, ұлттық нақыштағы дәстүрлер насихатталады, елдің бренді деген нәрселер таныстырылады, қалаларымыз бен далаларымыз көрсетіледі деген сияқты жұмыс тоқтаған емес. Бұл, негізінен, дұрыс та шығар. Тәуелсіздік жылдарында қалыптасқан үрдістердің бірі осы. Қазақстан өзі жайлы жағымды материалдар мен жарнамаларды әлемнің кем дегенде 40 бұқаралық ақпарат құралында жариялап отырады.

Қазақстанның имиджі үшін жанталасу әсіресе осыдан оншақты жыл бұрын қарқынды жүргізіліпті. Ол кезде жылына кем дегенде 50 миллион доллар қаражат осындай мақсатқа жұмсалатын болған деп жатыр. Бұл жұмыс осы күні кеміген болуы да мүмкін, бірақ тоқтамағыны анық. Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ақпарат комитетінде елдің дақпыртына арналған бюджет жүреді. Бюджеттің көлемі әр жылда әр түрлі болып, 20-25 миллион доллар  аралығын құрайтыны осыдан он жыл бұрын айтылған. Бұдан бөлек, сырттағы елшіліктерімізге де елдің насихаты үшін жыл сайын белгілі бір сомада қаржы бөлінетіні де айтылған.

Енді қызық болғанда, шет елдерде Қазақстан туралы жағымды мақаланы мүлде белгісіз біреулер жазып ұсынатын болыпты. Оларға мұның не үшін керек болғаны түсініксіз. Белгісіз біреулер жасанды интеллектінің көмегімен шет елдердегі белгілі ғалымдардың аттарынан Қазақстан жайлы жағымды мақаланы дайындап, беделді басылымдарға ұсынады екен. Ондай материалдардың кейбірі жарық көріп жатқан болуы да мүмкін. Ал жақында Euronews телеарнасына Оливер Тернер мен Адам Бауэр есімді ғалымдардың аттарынан Қазақстан туралы мадақ мақала түскен екен. Алайда мақаламен танысып отырған редактор мақаланың сөз саптасына назар аударып, оны тірі адамның жазғанына күмән келтіріпті. Содан кейін мақаланы тірі адам жазғанын тексеру үшін арнайы бағдарламаға салып байқайды. Оның күмәні растала түседі. Ақыр соңында телеарнаның редакциясы мақаланың авторлары Оливер Тернер мен Адам Бауэр есімді ғалымдармен байланысады. Ал олардың мақаланы жазып жолдамақ түгілі бұдан мүлде хабары жоқ екені белгілі болады. Оливер Тернер Эдинбург университетінің аға оқытушысы, ал Адам Бауэр Шотландияның Сент-Эндрюс қаласындағы университеттің академигі екен. Сонымен, мақаланы телеарнаға кімнің жазып, кімнің жолдағаны сол күйі белгісіз болып қалып отыр. Бұл жалан мақалада Қазақстанның қарыштап дамып келе жатқаны келтірілген және ол Астанада өткен бір форумнан репортаж түрінде құрастырылған деп жатыр. Euronews – еуропалық телеарна, штаб-пәтері Францияда орналасқан, әлемнің 150 еліне тарайды, 294 миллион отбасы көреді.

Мұндай жағдай бір бұл емес көрінеді. Оливер Тернердің атынан тағы бір басылым мақала жариялағаны, оны ғалым көріп қалып, алдырып тастағаны айтылады. Ағылшындардың күн сайын басылатын, ал таралымы 440 мың 581 дана The Times басылымы әртүрлі сайттарда ағылшын тілді авторлардың Қазақстан туралы жағымды, бірақ жалған мақалаларын табуға болатынын және олар жасанды интеллектінің көмегімен жазылған болуы мүмкін екенін жазды.

Қазақта осындайға байланысты қызық мәтелдер бер. Мысалы, «Бөрі аштығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтар» дейді немесе «Сыртымыз қампайғанымен, ішімізде түк жоқ» деп те келтіреді. Біздің жағдайымызға осының қайсысы тура келетінін кім білсін.

Трампқа ерегескен Қытай Hollywood фильмдерінен бас тартпақ «Жақында өмірге бір бөпе келеді»: Айгүл Иманбаева қуанышты хабарын жеткізді Гүлзира Айдарбекова туған күнін Вьетнамдағы вилласында қарсы алды «Күнде хабарласады»: Блогер Айжан Байзақова өзіне қайын атасы маза бермейтінін айтты Сәкен Майғазиев ұлының сүйіктісі барын әлеуметтік желі арқылы білгенін айтты «Ешқашан өштескен емеспіз»: Алматыда 45 жастағы әйелді құдасы дубинкамен көшеде ұрып кеткен Magnum халықтан кешірім сұрады (ВИДЕО) АҚШ-тың Украинадағы елшісі жұмыс орнын босатты Шерзат Болатты қалай өлтіргенін прокурор ретімен айтып берді Мемлекеттік төңкеріс жасамақ болған бір топ адам ұсталды «Зауыт салу керек еді»: Абай Бегейдің қызы Ақтауда құны 20 млрд теңге тұратын мейрамхана ашты Қазақстанда Ислам даму банкінің қолдауымен 4 жаңа су қоймасы салынады Атыраулық үш жасар бүлдіршін Президенттен алғыс алды Құлсары маңында тағы да жер сілкінді «4 отадан аман-есен өттім»: әйгілі Ника Нетт бет-әлпетін өзгертті Жанар Айжанова сынған сүйекті емдеудің жолын тапты Шерзаттың үйін өртегендерді анықтау үшін ресейлік спутник қолданылмақ Түркістанда ер адам бұрынғы әйеліне пышақ тақап, басқа қалаға қорқытып алып кеткен Ақтауда ер адам балаларды пышақпен қорқытқан (ВИДЕО) Астана маңында балаларды таситын автобус жол апатына ұшырады