Жетібайдағы 34 күндік жағдай: Маңғыстаудағы жұмысшылар ереуілінің хроникасы

13.01.2024, 17:12
1180
Жетібайдағы 34 күндік жағдай: Маңғыстаудағы жұмысшылар ереуілінің хроникасы видеодан алынған кадр

Біршама уақыттан бері наразылардың мәселесі неге шешілмей келеді?

Smart News басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысы мұнайлы Жетібай өңіріндегі ереуіл бір айдан бері жалғасып келеді. Ереуіл неге тоқтамай келе жатыр? Жергілікті билік өкілдері мен компания басшылары қандай шешімге келді? Наразылардың талабы орындала ма? Сұрақтардың жауабын тарқату үшін Smart News тілшісі ереуілдің толық хроникасын ұсынуды жөн көрді.

Жағдай 2023 жылдың наурызында бастау алған. Жүзден астам тұрғын 27 наурыздан бастап ереуілге шықты. Кейін 29 наурыз күні кешке Маңғыстау облысы Жетібай кентінде жұмыс талап етіп тұрған тұрғындар аштық жариялады. Олар «Біздің талабымыз – Жетібайдағы жігіттерді 100 пайыз жұмыспен қамту. Жылдық келісімшартпен емес, зейнетке шыққанға дейін жұмыспен қамтамасыз етсін» деген талап қойды. Тұрғындардың бұл талабына аймақ билігі түсініктеме бермеді.

сурет: видеодан алынған кадр

Ереуіл сәуірге дейін жалғасты. Далаға қонған жұрт талабына қатысты Қарақия аудандық әкімдігі «450 мың теңге айлығы бар жұмыс ұсынғанмен, олар бас тартты» деген мәлімдеме жасаған. Тұрғындар бұл мәлімдеменің жалған екенін айтып, келісім шартпен берілетін уақытша жұмыс емес, тұрақты жұмыс беруін талап етті.

сурет: видеодан алынған кадр

Сәуірдің 2-сі күні наразылар аймақ билігімен келіссөзге келгенін айтып, ереуілді тоқтатты. Бірақ араға уақыт салып қараша айында тұрғындар қайта ереуілге шықты. Белгілі болғандай, көктемнен бері жұмыс мәселесі мүлде шешілмеген. Олар талабын Астанаға жеткізу үшін жолға шыққанда, оларды Ақтөбе облысының полициясы Қандыағаш қаласында ұстаған. Кейіннен наразылар Қандыағашта ұсталғандарды босатуды талап етті.

сурет: видеодан алынған кадр

Ереуіл желтоқсан айында үдейіп, наразылар қатары да, талап та көбейе түсті. 11 желтоқсан күні Жетібай өңіріндегі бірнеше жұмысшы еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, ереуілге шықты. Олар талабын айтып, видеоүндеу жасағанмен, ешкімнің назарын аударта алмады.

13 желтоқсан күні 500-ден астам West Oil компаниясының жұмысшылары депутаттарға үндеу жолдап, өзін «ҚазМұнайГаз» қарамағына қайтаруды, еңбекақы төлеудің бірыңғай жүйесін енгізуді және жұмысшыларға тиесілі барлық техниканы жаңартып беруді талап етті.

сурет: видеодан алынған кадр

15 желтоқсан күні Жетібай және Мұнайшы ауылының тұрғындары президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және өзге де жауапты мамандарға үндеу жолдады. Ауыл халқы жұмысшылардың заңды талаптарын қолдайтынын жеткізді. Бірақ қарсы тарап талаптарға оң жауап бермесе де, наразылыққа шыққан 19 адамды жұмыстан шығарды. «ҚазМұнайГаз» бен энергетика министрлігі мұнайшылар талабын «негізсіз» деп, оларды тарауға шақырды. Наразылар тарамаған соң, 17 желтоқсан күні Жетібайда күзет күшейіп, арнайы жасақ келді.

18 желтоқсан күні жұмысшылар компанияның назарын аударту үшін бірнеше видеоүндеу жасағанмен, компания «заңсыз акцияға» назар аудара қоймады.

сурет: видеодан алынған кадр

20 желтоқсанда жұмысшылар ереуіліне байланысты Қылмыстық кодекстің 402-бабы («Сот заңсыз деп таныған ереуілге қатысуды жалғастыруға арандататын әрекеттер») бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Іске қатысты Қарақия ауданының прокуроры Аманжол Айтуғанов үндеу жасады.

– Заңсыз ереуіл орнында ағаш үй, шатыр құру, бейнеүндеу жасау және басқа да құрылғыларды табыстау немесе жәрдемдесу әрекеттері жоғарыда аталған баппен сараланатынын ескертемін, деді прокурор өз үндеуінде. 

Жаңа жыл келсе де, ереуіл тоқтамады. 1 қаңтар күні West oil жұмысшылары Астанаға өкілдерін жібергенін, бірақ билік оларды елемей отырғанын айтты.

– Айтарға сөзіміз таусылды. Бізді соттады, жеті адамды жұмыстан шығарды. Біз жайлы әртүрлі жалған ақпарат таратты. Ұжым атынан өкілдерімізді Астана қаласына жібергенбіз. Алайда сол өкілдерімізбен қолында билігі бар үкімет басшылары кездесуге құлықсыз. Әлихан Смайылов, ел тағдырын қолыңызға ұстап отырып үнсіз қалуыңыз сізге сын. Қайда біздің «жаңа Қазақстан»? Қайда біздің «естуші үкімет»? Қайда біздің мандат аларда жан берісіп, жаға жыртысып сайланған депутаттар? Әділ шешім шыққанша, заңды ереуілімізді тоқтатпаймыз, деді ереуілдегі мұнайшылар.

Мұның алдында West oil қызметкерлері шарасы таусылғанын, сол себепті Астанаға баратынын айтқан. Ал 8 қаңтарда West Oil жұмысшылары президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тағы үндеу жолдап, мәселелерін шешіп беруді талап етті.

Талабымыз орындалғанша ереуілді тоқтатпаймыз, деді. 

Ал Президент тарапынан жауап болмады. 

сурет: видеодан алынған кадр

Жұмысшылар тарапына қысым көбейді. Тиісінше наразы жұмысшылар саны артты. Қанша қысым көрсе де ереуілді тоқтатқан жоқ. 10 қаңтар күні ереуілшілер қатарына «Великая стена Бұрғылау» атты қытайлық компанияның жұмысшылары да қосылды. Олардың талабы - қызметтегі теңсіздік хақында болды. Олар кәсіби тәжірибесі төмен қытайлық жұмысшылар көбейгенін айтып, жалақы алуда тепе-теңдік жоғын баса айтты. Сондықтан олар компанияға тексеру жүргізу керегін айтып шағымданды.

11 желтоқсан — ереуіл басталса, 11 қаңтар күні ереуілдің басталғанына 1 ай толды. Наразылар үкімет басшысының ереуіл орнына келуін талап еткенмен, премьер-министр Әлихан Смайылов Жетібайға барған жоқ.

12 қаңтар күні ереуілге шыққан наразы топтың қатары ұлғайды. Олардың жалпы саны «БӘСЕ» арнасының мәліметінше, шамамен 700-ге жуықтаған. Ал 13 қаңтар күні Мұнайспецснаб компаниясының 300-ден астам жұмысшылар ереуілге шыққаны туралы видеоүндеу жасады. Олардың басты талабы - жалақыны жоғарылату, одан бөлек медициналық қызмет мен еңбек шартының қызметтері жақсаруын сұрады. Сондай-ақ олар өз видеоүндеуінде «билік өкілдері оларға жаппай қысым көрсетіп, провокацияға шақырып отырғанын» айтты.

Әзірге үкімет мен наразылар тарапынан Жетібайдағы ереуілдің басты түйткілін шешу үшін нақты келіссөздер жасала қоймады. Тек қана жұмысшылардың талабы қойылған бұл ереуіл «заңсыз акция» деп танылғаны белгілі. Ал наразылар мұнымен келіспейді.

Атыраудағы 4 жасар баланың өлімі: Балабақша директоры мен тәрбиешінің бас бостандығы шектелді «Барлық бала ана үшін бірдей»: Гүлзира Айдарбекова еш жерде көрсетпеген отбасылық фотоларды жариялады 74 жастағы ақсақал қауіпті трюктер жасап, көпшілікті таңғалдырып жүр (ВИДЕО) «11 жасымда мешітке барып, намаз оқыдым»: Әнші Луина балалық шағынан сыр шертті Апелляциялық сот 3 жасар қызды мүгедек қылды деген Ақтөбе ауруханасын ақтап жіберді Танымал виолончелист Болат Тыныбеков мезгілсіз өмірден өтті Абай университеті Гонконг Қытай университетімен ынтымақтастықты нығайтуда «Маған тым қатал болды»: Жазира Байырбекова енесі өмір бойы әкімдікте еден жуғанын айтты Атыраудағы мал сою цехінде 18 жастағы өзбек жұмысшыдан қауіпті дерт анықталды Қорғаныс қамы: Төңіректің тынысы және Астананың жойғыш ұшақтар жаттығуы «Ата-анасы зорланғанын білсе де, көмектеспеген»: ағайынды ұл-қыздың зорлануына қатысты сұмдық жайттар белгілі болды «Қалыңдық party өткіздік»: Айгүл Иманбаева құрбыларының тосынсыйын көрсетті (ВИДЕО) Сары уайымға салынған салымшылар: ММ Group басшысы не дейді? Баян Алагөзова: «Кішкентайларды міндетті түрде қазақ мектебіне беремін» Қандастарымыздың басым бөлігі Қытай елінен оралған Олигарх Тимур Құлыбаев бас прокуратураны сотқа берді Трамп жынысын ауыстырғандарды әскер қатарынан қуып жатыр Кеше Ақтөбедегі әскери бөлімде қайтыс болған сарбаздың анасы үндеу жасады (ВИДЕО) «Қалаулымға» қатысып танымал болған қазақ файтері қырғыз қарсыласынан оңбай жеңілді (ВИДЕО) АҚШ-тан елге пошта арқылы есірткі жеткізіп отырған астаналықтар 18 жылға сотталды