Елдің бәрі шаңырақтарында отырып, ұйқыға жатар сәттегі апақ-сапақтың кезінде болған жер сілкінісі Алматы қаласының тұрғындарын бықпырт тигендей етіп көшеге айдап шықты. Түнде көше толы адам, жол толы көлік қаптады. Қала ішінде сеңдей соғылысқан адам мен көлікте есеп жоқ. Жан алқымға келгенде екінші, үшінші қабаттан секіріп кеткендер де болды.
Адамдар көліктерімен бет алды шыққан. Олар қала сыртына немесе қауіпсіздеу баспанасы бар туыстарына асықты. Ал қарақұрым адам көпқабатты үйлерімізге қарағанда қауіпсіздеу болар деген оймен бір, екі, үш қабатты дәмханаларға толып отырды. Қала басшылығы түн ішінде шұғыл жиын өткізіп, қауіпсіздікті қамтамасыз етудің амалына кірісті.
Зілзаланың кіндігі Қытайда болды. Қытайдың Қазақстанмен және Қырғызстанмен шектесетін аумағындағы зілзала кіндігінің ұшы жер астының 65 шықырым тереңдігінде екені мәлім болды. Зілзаланың шет жағасын еліміздің Шығыс, Солтүстік аймақтары да сезінді. Жамбыл облысының тұрғындары да теңселіп кетті.
Зілзаланы қаттырақ сезінген Алматы қаласының тұрғындары. Алматыдағы зілзаланың қуаты 5 баллды құрады. Жер беті үлкенді-кішілі екпінмен оншақты рет қозғалғаны айтылды. Соның екеуі қаттырақ сезілген. Төтенше жағдайлар қызметі зілзаланың кезінде адамдарды сақтандырып, ал оның қайтымы өткеннен кейін түнде тұрғындарды тыныштандырып екі рет бейнехабарлама жасады. Зілзаланың кіндігі Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 270 шақырымда болған.
Қала әкімдігінде өткен шұғыл жиыннан кейін көпқабатты үйлердің тұрғындарын паналату үшін барлық мектептер мен балабақшалар және басқа қауіпсіз ғимараттар ашылды.
Зілзаланың кезінде Алматыда сегіз адам жарақат алыпты. Оларға шұғыл медициналық көмек көрсетілді. Жетеуіне амбулаториялық ем тағайындалып, жағдайы ауырлау біреуі ауруханаға жатқызылды.
Алматы қаласында бүгін түске дейін мектептердің сабағы тоқтатылды. Тек балабақшаларға таңертеңнен жұмыс істеуге рұқсат берілді.
Жер түнгі сағат 12-ден 10 минут өткенде қозғалды. Шошып қалған адамдар қолдарына іліккен құжаттарын алып, апыл-ғұпыл киініп, бала-шағасын алып далаға жүгірді. Лифтілер мен текпішек алаңдары адамға лық толы болды. Жер сілкінгеннен кейін әлеуметтік желілер бейнежазбаларға толып кетті. Көше толы адам мен көлік кептелісінің бейнежазбасы лезде шартарапқа тарады. Біреулер үй ішіндегі заттардың қозғалғанын және төбедегі аспа шамның теңселгенін түсіріп жариялады. Абырой болғанда Алматыда, Таразда және басқа қалалар мен елді мекендерде зілзаладан қаза болған адам және қираған ғимарат тіркелген жоқ.
Негізі Алматы бұрыннан зілзала қаупі жоғары қала ретінде қарастырылады. Осы жағы да себеп болып, қалалықтардың қорқынышы екі есе ұлғайғаны рас. Әсіресе көпқабатты үйлердің тұрғындарының үрейлері ұшып кетті. Әрине, түндегі зілзала тұрғындарға да, қала билігіне де, жоғары билікке де үлкен ой салды. Әрі сабақ болды, қандай да бір дәрежеде тәжірибе де болса керек. Ең бастысы, ғимараттар мен тұрғын үйлердің сейсмикалық төзімділігін барынша мықтылаудың жолдарын табу керек. Жаңа құрылыстарға жаңа талап қойылса қанеки. Оған қоса Алматыда тозығы жеткен ескі тұрғын үйлер де өте көп. Оларда жүздеген мың адам тұрады.
Ал енді зілзаланың кіндігі Қытайдың шығысындағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиясының Ақсу деген ауданында жер сілкінісі 7,1 магнитуда күшінде болған. Бұл жер Қытайдың Қазақстанмен және Қырғызстанмен шекарасына таяу жатыр. Зілзаланың кіндігі орналасқан аумақта жер сілкінісінің қуаты жоғарырақ болған. 47 үй құлаған, 78 ғимаратқа зақым келген. Мұнда жердің қозғалысын сейсмикалық қызмет 23 рет тіркепті. Құлаған үйлер кішігірім жеңіл жеке баспаналар болса керек. Өйткені адам қаза болды деген хабар жоқ. Алты адамның жарақат алғаны айтылды. Ол жақтың жергілікті уақытымен жер түнгі 02-ден 9 минут өткенде қозғалған.
Бішкектегі жер қозғалысының күші 5 баллға жеткен. Бішкек зілзала кіндігінен 300 шақырым қашықта жатыр. Бұл қаланың тұрғындары да түн ішінде алматылықтардың күйін кешті. Адам біткеннің бәрі өре түрегеліп көшеге қашып шыққан. Көшеге шығардың алдында жиһаздардың қозғалғанын, аспа шамдардың теңселгенін бейнежазбаға түсіріп, телеграм-арнадағы чаттарға таратқан адамда есеп жоқ. Төтенше жағдай қызметінің хабарламасында Қырғызстанның Жеті-Оғыз, Ақсый, Түп деген аумақтарындағы жер сілкінісі Бішкектегіге қарағанда қаттырақ сезілген. Адамдардың әлеуметтік желіге жазғандарына қарағанда Тоқмақта және Ыстықкөлде де зілзала қатты сезілген. Қырғызстанда қаза болғандар және қираған ғимараттар мен үйлер тіркелген жоқ.
Жер Өзбекстанның Ташкент, Әндіжан, Ферғана, Наманган облыстарында 3-4 балл күшінде қозғалды. Зілзаланың кіндігі Ташкент қаласынан 862 шақырым қашықта. Ташкент тұрғындарының әлеуметтік желіге жазғандарына қарағанда, көпқабатты үйлердің жоғарғы қабаттарында теңселіс 40 секундқа дейін созылған. Өзбекстанда да қаза болғандар мен қираған үйлер және ғимараттар тіркелген жоқ.
Беті аулақ, зілзала бұдан да қатты келсе халіміз мүшкіл болуы мүмкін еді. Әйтеуір аманшылықта өтті. Алматыда ертедегі Верный атындағы кезінде 1911 жылы өте қатты зілзала болған. Оның күші 11 баллға жеткен. Сол зілзала осы күнге дейін, яғни бір ғасырдан астам уақыт өтсе де Орта Азиядағы ең жойқын жер сілкінісі болып есептеледі. Верныйда сол зілзалада үйлер қирап, көп адам қаза болған еді. Верныйдағы сол зілзаланың тербелісі мың шақырымға дейін жеткен. Үйде отырып теңселісті Көкшетау, Омбы, Томск қалаларының тұрғындары сезген. Верныйдағы жер сілкінісі алты айға дейін қайталанып тұрған екен. 300 рет сілкінген. Соның қаңтар айындағы үшеуі өте қатты келген. Талғарда жер қарс айырылған. Оның ұзындығы 1800 метрге, ені 50-100 метрге, тереңдігі 15-20 метрге жеткен.
Сақтықта қорлық жоқ, зілзала кезіндегі қауіпсіздік шараларын және құрылыстардың сейсмикалық төзімділік мәселесін мемлекет жаңаша әрекетпен және байсалдылықпен қолға алуы тиіс деп ойлаймыз.