SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 55 жастағы келіншектің екі ұлы бір қызы бар. Айтуынша кеш келген бұл жүктілік екінші күйеуінен.
“10 ақпан күні цистит болдым. Одан кейін жүкті екенімді сездім. Қан қысымым көтерілді. Мамыр айында ішімдегі бала қимылдай бастады. Ішім өсіп, әр айда бір келіден салмақ қосылып жатыр. Анарға жерік болдым. Алты-жеті айында аяғым істі. Негізі қазан айында деп өзім де, ақылы клиника дәрігерлері де болжаған едік. Бірақ күні жеткенде түнде толғатып, таңертең жоқ болып кетеді. Сөйтіп қарашаның бірінен он бесіне дейін толғаттым. Қазір қимылдайды. Мен тамақтансам, тамақтанады. Үш ай болды, босанатын күнімнен өтіп кеткеніне. Ішімді кәдімгідей тырмалайтын сияқты”, – деді Ұлдана Есенова.
Келіншек өзіне дәрігерлердің сенбейтінін алға тартты. Айтуынша УЗИ-де көрінбейді деп мамандардың бәрі жүктілігін жоққа шығарыпты.
“Дәрігерлер толғатып барғанымда “УЗИ-сіз қабылдамаймыз” деп қарамады. Мен ата-бабамыз УЗИ-сіз де туған ғой дедім. Соңында жергілікті гинеколог дәрігерлер “ақылыңыз орнында емес” деп психологқа жіберді. “Ертегі айтып отсырсыз ба” деген де адамдар болды. “Қияли болып кетіпсіз” деді. Барған дәрігерлерім “мүмкін емес” дейді. Өзіме сенімді болу үшін түске дейін ештеңе ішпедім. 5-6 сағат тамақ ішпедім. Одан кейін барып шәй, тамақ ішкен кезімде ол да ішкенін байқадым. Бәрі анық білінді. Ұл деп ойлаймын”, – деп қосты келіншек.
Ұлданаға ешкім сенбесе де, оның әпкесі Жұмағыз Абдуллаева сенеді. Айтуынша ішін де ұстап көрген.
“Ақпан айының жиырмаларында жүрегі айнығанын айтты. Тамақ жақпай қалған шығар дедік те, қойдық. Сөйтіп әр айдың жиырмаларында біліне бастады. Өзі белгілеп жүрді. Ол ес тоқтатқан әйел ғой, бұрынғыдай жас емес. Кейін УЗИ-ге барды, алайда ол жақта қап-қара болып көрсетпейді” деп келді. Ішін ұстағанда, шынтақ секілді бірдеңе білінді. Содан еңкейе алмай, тұрып, отыра алмай жүр. Аяғым ісіп кетіп жатыр деп жүрді. Перзентханадағы апаратпен қарағанда баланың жүрегі соғып жатқанын көрдім деп келді”, – деді Ұлдананың әпкесі.
Жұмағыз Абдуллаеваның сөзінше, Ұлдана кенже қызына жүкті кезінде де УЗИ-ден бір көрсетіп бір көрсетпей, толғағы қашып дәрігерлер дәрімен босандырып алған екен.
“Соңғы 2004 жылғы кенжесін босанарда осындай жағдай болды. Қазір дәрігерлер УЗИ көрсетпесе ешнәрсе жасай алмаймыз деп қайтарып жіберіп жатыр. Ол болса “ішімде бала қимылдап жатыр ғой” дейді. Дәрігерлер сенбейді, мен сенемін. Балаға 12 ай. Түйенің көрпесін жамылдым деп еді, содан болуы да мүмкін. 9 айға толған кезінде Шымкенттегі басқа УЗИ-ге барды. Сол кезде дәрігерлер “мынау босанатын әйел ғой” депті. Бірақ толғақ жоқ болғасын ешкім қарамаған”, – деп қосты келіншектің әпкесі.
Гинекологтың айтуынша, ешқашан жүкті әйел сәбиді 12 айға дейін көтеріп жүре алмайды. Бұл мүмкін емес.
“Бұл келіншек алғаш рет 2023 жылдың наурыз айында етеккірі болмай, жүрегі айнып, жүкті болуы мүмкін екеніне шағымданып келген. Алайда ультрадыбыстық бақылау кезінде ол кісіде ешқандай жүктілік болған жоқ. Сондықтан ол кісіні ешқандай гинекологқа жібере алмаймын. Сонда да маманды өзіме шақырып тексердік. Өз тарапымыздан көрсетілетін бүкіл көмекті көрсеттік. Психологпен, әлеуметтік қызметкермен де жұмыс істедік”, – деді аймақтық дәрігер Айман Пашанова.
Бағдарламадан соң Ұлдана Есенова Алматыдағы орталыққа барып тексерістен өтті. Ондағы дәрігерлер 55 жастағы әйелдің егізге жүкті екенін растады.
Алайда бұл асығыс қорытындыны гинекологтар жоққа шығарды. Кейін Шымкентте толық медициналық тексеріс нәтижесінде келіншектің жүкті болмағаны анықталды.