SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, марқұмның әпкесі Керемет Арызбекова інісі мен келінінің қарым-қатынасы өте жақсы болғанын, екеуі бір-бірін қатты жақсы көргенін айтады. Ол ақылға қонымсыз іске барған келінінің психологиялық ауытқуы бар дегенге сенбейді.
“Інім отбасымен үйімнің жанында тұражы. Інім мен келінімнің ұрыс-керісін көрмегенмін. Екеуі бір-бірін қатты жақсы көретін. Бақтияр таңнан кешке дейін жұмыста. Автосервисте көліктердің моторын жөндейтін, арасында таксист болатын. Келінім бала тәрбиесімен үйде болды. Жұмыс істеп көрген емес. Келінімнің психологиялық ауытқуы жоқ, өзімнің сіңлімдей болатын”, – дейді марқұмның әпкесі.
Керемет інісін соңғы рет 8 тамыз күні сағат 09:15 шамасында көрген. Қайғылы оқиға 9 тамыз күні болған. Ал әпкесі інісінің қазасын 11 тамыздан 12 тамызға қараған түні сағат 01:25 шамасында құзырлы орган қызметкерлерінен білген.
“Мәйітті 9, 10, 11 күндері үйде сақтаған. 11 күні алып кеткен. Денесін тапқан кезде мен де бармақ болдым. Бірақ маған ешкім рұқсат бермеді. Сотқа барғанда сондағы бас маман менің кім екенімді сұрады. Жәбірленуші тараптанмын деп едім “Сорпаға да олай турамайтын шығар” деді. Денені бөлшектеп тастапты. Бір аяғын ғана шаба алмаған, басқасын бөлшектеп тастапты. Бір аяғы төркін жағынан табылды. Бұл қылмысты келінім бір өзі істеді деп ойламаймын. Бақтиярдың дене бөлшектері Келес өзенінен табылды. Өзен менің үйіме жақын орналасқан. Көлікпен 5-6 минуттық жер”, – дейді марқұмның әпкесі.
Құндыз күйеуін өлтірген соң денесін бөлшектеп шелек пен бөшкелерге салған соң өзенге ағызып жіберген. Оған көршісі көмектескен болып шықты. Ең сорақысы көршісі бөшкеде Бақтиярдың мәйіті жатқанын білмеген.
“Ұйықтап жатқанмын. 11 тамыз күні түнгі сағат 00:00 мен 01:00 арасында Құндыз келіп: “Руслан, тұршы. Қойдың еті бар еді, жүнімен. Сасып кетіпті. Апарып тастау керек” деді. Мен Бақтияр ұрысатынын айтып, бармайтынымды айттым. Қомаған соң көлікті қыздырып, жүк салғышты аштым. Жағымсыз иіс шығып тұрды. Эмульсияның шелегі мен екі бөшке бар екен. Бөшкелерді маған аштырған жоқ. Оларды салып, өзенге келіп, лақтырдық. Іздеуге келгенде өзеннің ағысы жоқ жерлерінде өкпелері жатыр екен. Талдың астында, шет жақтарда тұрып қалған бөлшектерін жинап алдық. Ал бөшкенің ішінде қой емес, Бақтиярдың мәйіті екенін үйге келгенді білдім. Үйге барсам полиция құзырлы органдар жүр екен. Солар айтты”, – дейді марқұмның көршісі Руслан Хасанов.
Жантүршігерлік жағдайдың болғанын білгенде марқұмның денесін іздеуге ат салысқан адамдар да бар. Олардың бірі – Бақтияр мен Құндыздың көршісі Серік Хасанов.
“Түнгі 01:00-ден ертесі күні сағат 12,13:00-ге дейін, шамамен 12 сағат іздедік. Келіншектің төркініне бардық, ол жерден бала-шағасын алдық. РОВД-ға барып өткізді. Келес өзенінің бойына барып көрідк. Ол жерден дене бөлшектерін таптық. Су дың бетіне қалқып шыққандары бар, суға батып кеткендері де бар. Күндіз сағат 10,11 шамасында инспектортал бөшкедегі мәйітті тапқанда басы-қасында болдық. Мұндай нәрсені адам істейді деп мүлдем ойламас едім. Етті сүйектен ажыратып тастаған. Адам танымайды. Еттерін бөлшектеп тастаған. Адамның еті деп ешкім ойламайды”, – дейді көршісі.
Осы тұста марқұмның жеңіл көлігі де сөз болды. Бақтияр жеңіл көлігін сатпақ болады. Бірақ келісіп жүрген адамымен бір бағаға келісе алмаған. Ал Құндыз күйеуін өлтірген соң Бақтиярдың атынан ол адамға жазып, өзі сөйлесіп, ақыры сатып жіберген. Ол қайын әпкесіне күйеуінің көлікті мініп тойға кеткенін, ал 11 тамыз күні көлікті Бақтиярдың өзі сатып жібергенін айтады.
“Негізі бір апта бұрын Бақтиярдың көзі тірісінде онымен келісіп жүргенбіз. Бірақ бағасына келгенде біз тоқтап қалдық. Өйткені мен сәл қымбаттау айтып қойдым. Арада бір апта өтер-өтпестен маған Бақтиярдан хабарлама келді. “Алатын болсаң сұраған бағаңа ал. Басқа жерден көлік шығып тұр, менің жолға шығуым керек” деп жазыпты. “Адамды қинап қойдың. Аяқ асты ондай ақшаны қайдан табамын” деп едім, “Қолыңда қанша бар, соны тастап кете бер. Барған соі атыңа жазып беремін” деп тойға бара жатқанын айтты. Сөйтіп 600 мың теңгені алып, үйіне бардым. Әйелі ауланы жинап жүр екен, бала-шағасы жүр. Екеуіміз көлікке бардық. Сөйтіп пакеттегі ақшаны алып қалды”, – дейді Әділ Сүйебеков.
9 тамыз Бақтияр әйелінің қолынан қаза табады, 10 тамыз күні Құндыз күйеуінің көлігін сатып жіберген. Марқұмның әпкесінің айтуынша, ер адам алғашында 600 мың теңге әкеп берген. Кейін Құндыз қалған ақшаны Түркістан тас жолына келіп, әкеп таста деген. Ол кезде Әділ Құндызға 1 миллион 700 мың теңгені табыстапты. Көлікті сатып, бас-аяқты 2 миллион 300 мың теңге ақша алған. Ол қаражаттың қайда екені белгісіз.
Ерлі-зайыптылардың ортақ некесінен 3 баласы бар. Күйеуін асқан қатігездікпен өлтірген 34 жастағы келіншек әлеуметтік желіде белсенді.TikTok-тің трендтерінен қалмай, актерлердің дауыстарына пародия жасап, ән айтады. Құндыздың парақшасына 5069 адам тіркелген. 1400-ге жуық видеосы бар. Алғашқы видеосын 2021 жылы жарияласа, қанды қылмысқа себеп болған соңғы видеосын 2023 жылы 2 тамызда жүктеген екен.
Психологтың айтуынша, жантүршігерлік өлімге әлеуметтік желі мен қызғаныш қана себеп болуы мүмкін емес.
“Асқан салқынқандылықпен 3 күннен ұзақ уақытқа соны жоспарлы түрде жасау – таза психологиялық ауытқу. Сондай сәттерде оның есін сандырақ ойлар немесе істер келуі мүмкін. Соның әсерінен жасауы да ғажап емес. Тек TikTok-тің кесірінен деп ойламаймын”, – дейді Ұлболсын Сейдахмет.
Ал Құндыздың анасы марқұмның әйелін ұрып, қорлық көрсетіп келгенін айтады.
“Жиен немерем әкесі мен шешсінің жанжалдасып қалғанын көріп, маған айтып берді. Күйеу балам қызымның барлық киімін шешіп, далаға шығарып жіберген. Қызым 1 жарым сағат аяқ киімсіз мұздың үстінде тұрған. Қатал адам болған. Сөйтсем ол темекі шегіп, темекінің шоғын денесінің әр жеріне басып отырады екен. Негізі екеуі де бір-бірін жақсы көріп үйленді. Бірақ шаңырақ көтерген соң араларында ұрыс, жанжал көп болды. Қызымды ұрып, соғатын. Мен көре алмасам да, балалар мұнда куә. Қызым 21 жасында тұрмысқа шықты. Күйеуге тиегнде тұңғышына аяғы ауыр еді. Күйеу бала іштегі баланың өзінкі екеніне күмән келтіріп, содан ұрыс шыға бастады. Сөйтіп күйеуінен зәбір көретін болды. Бірақ полицияға шағым түсірмеді. “Жақсы көремін, әлі татуласып кетеміз, балаларымыз бар” деп жүріп үш баласын дүниеге әкелді. Қызғанатынын білмеймін, бірақ жұмыс істетпейтін. Өзі биге икемі бар еді. Балабақшаға кіріп, жұмыс істегісі келді. Бірақ күйеуі рұқсат бермеді. Күйеу бала бізбен сөйлеспейтін, үйге де келмейтін. Оған не себеп екенін білмеймін”, – дейді Құндыздың анасы Тілайым Молдабекова.
Марқұмның енесі сатылған көлік пен қарыз ақша туралы да сөз қозғады.
“Көлікті сатады” деп жүрген соң Бақтиярдың өзімен сөйлесіп, 200-300 мың теңге көлемінде қарызға ақша сұрадық. Несиеміз бар еді. Әр зейнетақымнан 50 мың теңгеден бөлім қайтарамын дедім. Бірақ ол “беремін, бермеймін” деп кесіп айтпады. Қызымнан сұрап едім ол да: “Білмеймін, көлігін сатса беретін шығар” деді де қойды. Сөйтіп арада біраз уақыт өткенде қызым 11 тамыз күні ақша әкеліп берді. “Бақтияр несиесін жауып алсын, кейін бөліп береді” деп айтты деп келді. Ол кезде Бақтиярдың жоқ екенін білмейміз. Қызымның көңіл күйі бір қалыпты еді. Бірақ қайта-қайта құшақтап бетімнен сүйіп, жақсы көретінін айтты. Не боп қалды деп едім. бәрі дұрыс деп жауап берді”, – дейді Құндыздың анасы.
Бұған дейін үш баланың анасы күйеуін бөлшектеп, денесін суға ағызып жібергені туралы жазған едік. 34 жастағы әйел жантүршігерлік қылмысы үшін 15 жылға сотталды.