«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының директоры Тілеген Шапановтың айтуынша, өзен суы Шілік гидрологиялық бекетінде бір тәулік ішінде 186 сантиметрге көтеріліп, 785 сантиметрге (қауіпті деңгей – 750 см) жетті.
«Ресейдің Орынбор облысы жағынан су келіп жатыр. Су деңгейі 800 сантиметрден асқан жағдайда ауданның өзен бойында орналасқан елді мекендеріне қауіп төнуі ықтимал», – деді Т.Шапанов.
«Қазгидромет» РМК БҚО филиалының мәліметі бойынша, Жайық өзеніндегі су деңгейі бір тәулік ішінде Орал қаласы тұсында 84 сантиметрге көтеріліп, 457 сантиметрге (қауіпті деңгей – 850 см) жетті.
Шаған өзені Чувашин ауылы тұсында 1 211 (қауіпті деңгей – 1 280-1 300 см), Деркөл Белес маңында 670 (600-650), Қараөзен Жалпақталда 756 (790-820) сантиметрді көрсетті.
Шыңғырлау ауданының әкімі Мұрат Өмірәлиев жағдайдың бақылауда екенін жеткізді.
«Елек өзенінің суы өтіп жатыр. Әзірге елді мекендерге қауіп төніп тұрған жоқ», – деді М.Өмірәлиев.